Негізгі бет > Аудармалар, Мақалалар > Хижаб не үшін киіледі?

Хижаб не үшін киіледі?


Әлемдердің Раббысы болған Аллаһ тағалаға мақтаулар, Пайғамбарлардың ең соңғысы болған Мұхаммедке Аллаһтың игілігі мен тыныштығы болсын.
Ия, хижаб деген ол не? Не үшін киіледі?
Алдымен осы сұрақтардың төңірегінде тоқталар болсақ.
Хижаб “حِجَابٌ” араб сөзі, “حَجَبَ” «хажаба» деген етістіктен шығады. Қазақ тілінде жасыру, көрсетпеу, жамылғымен жабу, қол сұқтырмау деген мағыналар береді. Шариғи жөнінен мұсылман әйелдің үстін толық жабатын жамылғы киімін айтады. Яғни, әйелдің беті мен саусақтардан басқа жерін міндетті түрде жауып тұратын киім; мойын, иық, сырға тағылған құлақ кісі көзінен таса болуы лазым. Сонымен бірге табанның да жабық болғанын дұрыс.
Хижаб аталуы үшін де белгілі бір талапқа сай болуы керек.
Әйел киімі ислам болмысына сай болу үшін (хижаб деп аталуы үшін) мынадай міндеттерді орындау қажет:
1. Киім әйелдің беті мен саусақтардан басқа жерін міндетті түрде жауып тұру керек; мойын, иық, сырға тағылған құлақ кісі көзінен таса болуы лазым.
2. Еркектер сұқтанатындай әдемі киім киюге болмайды. Яғни, ашық түсті киім киіп, әшекейлер тағынуға сондай-ақ, алтын-күміс жіптермен өрнектелген жылтырақ маталардан тігілген киім киюге тыйым салады. (осының бәрін махремге жататын туысқандарының алдында, үйден шықпай, бөтен кісілердің көзіне түспей киюге болады).
3. Киім адам денесі көрінбейтіндей тығыз матадан тігілуі керек; үлбіреген немесе жұқа маталар болмайды.
4. Киім әйел тұлғасын байқатпайтындай мол болуы қажет: тырысып, жабысып, әр мүшесін көрсететін киім киюге рұқсат етілмейді.
5. Киімге әтір себу дүрыс емес.
6. Киім еркектердің киім үлгісінен бөлек болуы керек. Тіпті шалбар киетін болса да, әйелдің бойына шақ етіп тіктіру қажет. (яғни, сыртқы киетін көйлегі шалбарының балағымен бірдей немесе оданда ұзын болуы керек).
7. Киім сізді өзгелерден оқшау етіп керсетпегені абзал. Ашық та анық матадан «көзге ұратындай» ерекше сәнмен тігілмегені жөн. Өйткені, ондай киімдер сізге еріксіз назар аудартады. Киім таңдау, әрине, әр әйелдің көзқарасы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты екені белгілі.
8. Мұсылман әйелдерінің киімі Исламға иланбаған әйелдердің киімімен ұқсас болмауы керек. Бізге басқа халықтың жасанды діни киімдерін киюге мүлде болмайды. Оған мысал ретінде Азия елдеріндегі мұсылман әйелдерінің үнді үлгісіндегі киімдеріне жаппай қызығуын келтіруге болады.
9. Киім әйелдің «байлығы мен даңқын» паш ететіндей болмауы қажет, яғни, қымбат тастармен безендірілмеуі, алтын немесе күміс жіптермен зерленбеуі керек.
Пайғамбар с.а.с. заманында өмір сүрген әйелдер үйден шығарда жилбаб (үстіне ілетін плащ) пен химар (бас киім) киген. Келе-келе мұсылман әлемінде әйелдерге арналған киім үлгілері пайда бола бастады. Олар – Араб елдеріндегі «абайя» мен Иран еліндегі «чадор», Пакистандағы «бурка». Қазіргі кезде мұсылман әйелдеріне таныс, мол етігі тігілген плащқа ұқсас киімді («жилбаб») сатып алуға мүмкіндік бар.
Дуппата (судыр қағаздан жасалған шалбар-хамизбен бірге сатылатын басқа арналған жамылғы) хижаб ретінде жарамайды. Ар жағынан қою қалың шашы көрініп, үлбіреп тұрған дуппатаны киген шариғатқа қайшы келеді. Дуппатаны бірнеше қабаттап, шаш көрінбейтіндей етіп тақса болады. Олай болмаған жағдайда басқа шыт немесе жамылғы таққан дұрыс. Немесе, қазір араб әлемінде ұзын шарфтарды әйелдер батарына орап салып жүреді, солай жасасаңыз да болады. Ғалымдар арасында әйелдердің денесінің қай тұстары жабылуы керек деген тақырыптағы пікір-таластар толастар емес. Кейбіреулері (Шафиғилер мен Ханбалилер мектептерінің өкілдері) әйелдер беті мен саусақтарын да жабуы керек деп есептейді. Ал, Малик мазһабының пікірі бойынша, бет пен саусақ әуратқа (жабылуға тиісті) жатпайды. Ханафилер де осы пікірді жақтайды. Бұларды тіпті, кейінгі дәуірлердегі ғалымдары табанды да ашық қалдыруға қарсы емес. Алайда басқа ғалымдар ондай пікірлердің негізсіз екенін айтып, қарсылық білдіреді. Бізде табанның жабылуы қажет деген пікірді ұстанамыз.
Осыларға сүйеніп біз, денедегі бет пен саусақтардан басқа жерлердің жабылуын қамтамасыз ететін хижаб киген дұрыс деп есептейміз. Шаш, мойын, қол (саусақтан басқа) ашық болмауы тиіс.
Кейбір мұсылмандар да басқа діннің адамдары секілді хижаб жұмыс істеуге кедергі келтіреді деп есептейді. Ол дұрыс пікір емес. Елімізде хижаб кимекші болған оқушыларға қарсы осындай ойлар айтылған. Бірақ бұл сөз емес, орамалды жинақтап алқымының астынан түйрегіштеп түйреп қойса болады. Мәселені осылай оп-оңай шешуге болады.
Шынына келсек, хижаб кию белгілі бір кедергілерді тудырмайды. Хижаб киіп жүрген әйелдерге бүгінгі қоғамда түсіністікпен қарайтындай жағдайлар жеткілікті. Әрине, үйренгенше алғашқы он күндей хижабпен жүру ыңғайсыздау болуы мүмкін. Бірақ кейін «сонымен туғандай» әсер аласыз. Сөйтіп, хижаб киместен бұрын қалай үйден ұялмай шықсаңыз солай шығатын боласыз.
Ал, хижаб не үшін киіледі сұраққа біз Құран аяттарымен жауап беруді жөн көрдік.
«Мүмін әйелдерге айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. (Беті, қол-аяқтары) және бүркеншіктерін омыраула-рына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін».
(Нұр сүресі, 31 аят).
Хижаб – көзді еркіне жіберуден, еркек пен әйелдің қол алысуынан, еркектермен араласудан, ұятты орындарды ашудан, харамға жататын «еркектермен оңаша қалудан», еркектермен әйелдердің араласып жұмыс істеуінен, ашық әңгімелесуден, қалжыңдасу, билеу секілді дініміз исламға жат болған нәрселердің алдын алады.

Әуретті жабық ұстау
«Сәтрул-әурә» — әурет жабық болу, яғни ұятты жерлерді жабу. Аллаһ Тағала «әуретті жабыңдар» деп бұйырған.
Әйелдерде бет пен қолдардан басқа бүкіл дене әурет болып есептеледі. Әуретті жаппау әйел үшін үлкен күнә. Намазды жартылай ашық оқу әйелдер үшін тыйым салынған, өйткені Аллаһтың елшісі с.а.с.:
«Балигатқа толған әйелдің хижабсыз оқылған намазын Аллаһ Тағала қабыл етпейді»,—деген.
(Хадисті Абу Дәуд, Тирмизи, ибн МәжәҺ риуаят еткен).
Хижаб – мұсылман әйел киетін, әуретті жабатын ұзын көйлек. Бұл хадистің мағынасы мынандай — әйел басын орамалмен жауып, ұзын жең көйлек кимейінше Аллаһ Тағала оның намазын қабыл етпейді. Әйелдің киімі өзіне жарасатындай болуы керек. Егер дененің төрттен бір бөлігі намаздың бір парызын (ішкі парызы яғни рукн) өтеуге кететін уақыт көлемінде ашық қалатын болса, намаз бұзылады. Ол уақытты үш рет тасбих айтуға кеткен мезгілге теңейді. Егер төрттен бір бөлігінен аз жер ашық қалса намаз бұзылмайды, бірақ ол макруһ болып саналады. Егер әйел киімінің матасы жұқа және одан дене пішіні және дене түсі көрінетіндей болса, ол әйелдің намазы қабыл болмайды. Намаздан тыс уақытта, егер бөтен ер кісілер көрмейтін болса, әйелге өз үйінде орамалын шешіп қоюға рұқсат етіледі.
Ер кісіге басқа ер кісінің әуретіне қарауға болмайды. Өйткені пайғамбар с.а.с. Әлиге р.а.: «Өз саныңды ашпа және тірі мен өлінің санына қарама», – деп айтқан. (Бекітілген хадис).
Сол сияқты әйелдерге де басқа әйелдердің әуретіне қарауға рұқсат етілмейді.
Әйелдерге бөтен ер кісілермен, кәмелетке жеткен жас жігіттермен сөйлесіп, қалжыңдасуға, сондай-ақ бір бөлмеде бірге жалғыз қалуына рұқсат етілмейді.

Күйеуге шығуға тыйым салынған туыстар
Әйелге он сегіз түрлі ер кісіге күйеуге шығуға тыйым салынған.
Әйелге мына ер кісілерге күйеуге шығуға болмайды:
Қандық туыстарынан:
1. Әкесі,
2. Атасы,
3. Аға – інілері,
4. Әкесінің аға – інілері,
5. Анасының аға – інілері,
6. Аға – інілерінің ұлдары,
7. Әпке – сіңлілерінің ұлдары,
8. Өзінің ұлдары,
9. Немере ұлдары.
Сүт туыстары:
1. Сүт әке,
2. Сүт анасының ұлдары,
3. Сүт анасы емізген бөтен кісілердің ұлдары.
Құда туыстары:
1. Күйеуінің әкесі,
2. Күйеуінің атасы,
3. Күйеуінің бұрынғы әйелінен қалған ұлы.
Мүмін әйелдер: «Ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға (шаштарын) көрсетулеріне болады». (Нұр сүресі, 31-аят).
Яғни, жоғарыда Құран аятында аталған кісілерден бөтен еркектерге әйел адамның әуретінің көрінуі харам, күнә болады.

Ұятты орындарды (әуретті) ашу
Негізінде, ұят пен иба адамзатқа тән игі қасиет болғандықтан, еркектердің де, әйелдердің де ұятты орындарын көрсетіп жүрулері адамгершілік сипатқа қайшы жаман қылық. Өкінішке қарай, бұл әдет қазір кеңінен етек жайып отыр.
Шариғат үкімдеріне қайшы келетін осы әдетке ерген көптеген адамдар әураттарын ашып, шешініп жүр. Бұл әдеттің үйлерде, бас-сейндерде, жағажайларда, би орындарында, көшелерде, базарларда кеңінен етек жайғаны рас. Мәселен, қазіргі әйелдердің кейбірі үй ішіндегі туыстарынан қысылмай, дене мүшелерін анық көрсетіп тұратын жұқа киімдерді киіп жүре береді. Жақындары мұны қойдырудың орнына, тіпті «саған керемет жарасымды» деп қоштап отыратыны шындық. Ал ескерту жасағаны «үйде бөтен ешкім жоқ қой» деген жауап алады. Іс мұнымен ғана шектелмейді. Тіпті, кейбір әйелдер қарама-қарсы көршілеріне анық көрініп тұрғанына қарамай балконына іш киіммен шығып отырады. Олардың, өз үйімізде қалай жүрсек те еріктіміз деп санайтыны — шындық. Бұл әйелдерге ғана тән іс емес. Аналары, қыздары, апа-қарындастары, келіндерінің алдында шешініп жүруді әдетке айналдырған еркектер де бар.
Шариғат бойынша, әйел адамның қарнын, арқасын, кіндік пен тізелерінің арасын күйеуінен өзге бірде-бір еркекке (тіпті әкесі, ұлы, аға-інісі болса да) көрсетуіне тыйым салған. Ал, кіндік пен тізе арасын, тіпті өзге әйелге де көрсетуге болмайды. Сондай-ақ дәл осы орынды еркек пен еркек арасында және еркек пен әйел арасындағы ұятты орын — әурат деп белгілеп берген. Сондықтан Аллаһ Тағаланың үкімдеріне қарсы және Аллаһқа, Қиямет күніне сенбейтін, Аллаһ пен елшісі харам деген нәрселерді харам деп білмейтін, Оған бағынбайтын Батыстың кәпір қоғамдарынан бізге енген әдеттерге еліктеу қате. Мұсылман адамның хақ жолдан тайып, шын мәнінде тағы секілді тіршілік етіп жатқан Батыс жұртына еліктеп бассейн мен жағажайдан және түнгі клубтардан шықпайтындардың істегенін жасауы өте келеңсіз әдет. Бұл істің ақыры неге апарып тірелері баршаға аян.
Ал, көшелер мен базарлардағы жағдайға келер болсақ, әйелдердің көпшілігі Аллаһ Тағаланың сызып берген шеңберіне көбіне-көп мән бермейтіні рас. Тіпті, әуратқа жатар жерлерін көрсетіп, еркектерді қызықтырсам дегенді ойлайтын әйелдердің бар екені де рас. Батыстан үлгі алған мұндай әйелдер құдай қосқан ақ-адал жарлары үшін әсемденудің орнына, бөгде еркектің көзіне түскісі келіп қылымсып түрады. Мәселен, олар неге үй-ішінде қарапайым киімдерімен жүреді де, көшеге шығарда міндетті түрде әсемденіп, тәуір киімдерін киіп, иіс су жағып шығады. Қайта үйде олпы-солпы жүргенше, күйеуіне сүйкімді көріну үшін әсемденгені абзал емес пе?!
Бәлкім, ерлі-зайыпты адамдардың көбі осы істерін анығында байыптамайтын болу керек? Ал ақиқатында осының салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалып жатыр десеңізші.
Ақиқатында да, Аллаһтың мейірім-шапағатына бөленген жан – ең бақытты адам. Олай болса, Аллаһ Тағала бізді әлгіндей азғындық пен іріткілердің жамандығынан сақтасын.

Сауал-жауап:
1. Сұрақ: Көптеген елдерде ерлер мен әйелдердің қол алысып амандасуы үрдіске айналған. Мұсылман еркек пен мұсылман әйелдер бұл жағдайда не істегені дүрыс?
Жауап: Мұсылмандар ерлер мен әйелдердің қол алысып амандасу әдетін ақырындап жою керек. Өйткені, бұл біздің арамызға өзгелердің сыналап жүріп елеусіз түрде кіргізген әдеті. Сондықтан шынайы мұсылман адам, ешкімнің айтқанына жалтақтамай мұндай жаман әдеттерден батыл түрде құтылғаны жөн.
2. Сұрақ: Егер әйел лифтте немесе көлікте, тіпті көшеде бір еркекпен оңаша кезіксе, бұл — харам болған оңаша қалуға жата ма?
Жауап: Иә, бұл харам болған оңаша қалуға жатады. Сондықтан бұдан сақтану керек.
3.Сұрақ: Әйел адамның жұмысқа шыққаны дұрыс па?
Жауап: Әйел адамның сыртта жұмыс істеуінің көп қатері бар. Бірақ, сыртта жұмыс істеп жүрген барша әйелдерді теріс жолда жүр деуден аулақпыз. Ақиқатында, әйел адамның отбасы тірліктерімен айналысқаны ғанибет.
4. Сұрақ: Кейбір фирмалар мен ұйымдар қызметші әйелдерді жұмыс кезінде қысқа киім киюге міндеттейді. Осы дұрыс па?
Жауап: Жоқ, дұрыс емес. Бұл әйелдің сыртта жұмыс істеуінде қатер бар екенін растап отыр.
5. Сұрақ: Әйел адам күнкөріс үшін қандай істерді жасауына болады?
Жауап: Үйде отырған әйелдің көптеген қызметтерді жасауына мүмкіншілік бар. Мәселен, тігіншілік, әсемдеуші, әйелдер дәрігері, кіндік шеше секілді жұмыстарды үйде отырып атқаруға болатыны шындық. Яғни, ризық есіктері көп. Аллаһ, Өзі — ризық беруші. Егер әйелге өз күніңді өзің кер делінсе, ол өз намысы мен құрметін қорғап, жұмыс істеп, күн көруіне болады. Бірақ өз мақсаттарын ойлаған тура жолдан тайдырушылар оны сыртта жұмыс жасауға бағыттайтыны да рас.
6. Сұрақ: Еркек пен әйел бір-бірімен сауда-саттық жасауына бола ма?
Жауап: Иә, әйел мен ер адамның бір-бірінен бір нәрсе алу не сату туралы саудаласуына рұқсат етілген. Бірақ бұл іс сақтықпен жасалынғаны жөн.

Қорытынды.
Хижаб – жай ғана киім немесе сән үлгісі емес. Ол-өмірлік тұжырым, қағида. Біз мұсылман әйелдерінің тек орамал тағып, ұзын көйлек кигендерінен де жоғары парасатты болғанын қалаймыз. Киім – бізге Ислам қағидаларына берік болып, қай жерде жүрсек те, мұсылман екенімізді ұмыттырмайтындай әсерлі дүние екенін еске салатын нәрсе. Әлі де хижаб кие алмай жүрген бауырларымыз (оны киюдің өзі бір қадам болса да алға басу, әсіресе батыста) бірте-бірте үйренісіп, «хижабқа» келуі қажет.
Ізгі тілекпен, Н.Төреқұлов мешітінің имамы Ұлықбек Алиакбарұлы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жұбайлар шаттығы. Мухаммад Ахмад Канъан. Алматы, 2005 ж. Әлбаракат баспасы.
2. Мұсылман әйелінің анықтамалығы. Худа Хаттаб. Алматы, 2005 ж. Әлбаракат баспасы.
3. Намаз жаннатқа апарар жол. Құрастырған: Ғ.Маханов. Алматы, 2006 ж. Әлбаракт баспасы.
4. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Халифа Алтай. Сауд Арабиясы. 1991 жыл.
5. Құран Карим. Араб тіліндегі нұсқасы. Сауд Арабиясы. Медине қаласы.

  1. No comments yet.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s