Негізгі бет > Мақалалар, Әдебиет, Қазақ араб ауыз әдебиеті > Мәделі шығармаларының араб әдебиетімен байланысы

Мәделі шығармаларының араб әдебиетімен байланысы


Қазақтың байтақ даласында көрнекті ақын әрі батыр атанған азаматтың бірі – Мәделі Жүсіпқожа ұлы (1816-1888 ж.). Мәделінің кіндік қаны тамған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданының қожатоғай кеңшары (бұрынғы Ақбұлақ болысы, Бадам жері). Зерек, болашақ ақын жігіт жастайынан діни медреселерді оқып, жан-жақты болып өседі. Қолына түскен кітаптарды көп оқып, мұсылманша оқыған білімі арқасында Құранды да оқып жатқа білетін болған. Кезінде кеңінен тараған шығыс әдебиеті, оның ішінде араб әдебиеті үлгілерінен, ертегі, дастан, қиссаларды көңіл қоя оқиды. Мәделінің өз заманында діни білімімен молдалық құрған кездері де болған. Шариғатты да кем білмеген. Мәделі қожа өзінің толғауларын Құран аяттарына сүйене отырып шығарған десек артық кеткен болмас едік. Ондай қатарларды Мәделінің мына төмендегі өлең шумақтарынан көруге болады.

Басында қатыра судан болдық пайда,

Неше күн шайқатылып жүрдік бойда.

Сол судан қан-сөл ғайып пайда болып,

Сүйектен етке шаптық үш-төрт айда.

Тарықпай тар құрсақтан тауып қорек,

Тоғыз ай, тоғыз күн жаттық осы жайда.

Қүдіреттің күшімен шарқи пәлек

Келіппіз дүнис деген кең сарайға.

Мына атап өткен Мәделінің өлең жолдары Қасиетті Құрандағы аяттардың мағынасына тура келеді. Құранның ол аяттары Муминин сүресінің 13-14 аяттарында келген. Ендігі кезекте Мәделінің өлең жолдарымен Құран аяттарын салыстырайық.

Мәделіқожа өлеңдері Құран аяттары

Басында қатыра судан болдық пайда – Содан кейін оны (адамды) жатырда тұратын тамшы қылдық.

Сол судан қан-сөл ғайып пайда болып – Сосын тамшыны үйыған қан жасадық

Сүйек пен етке шаптық үш-төрт айда – Ұйыған қанды кесек ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та сүйектерге ет қаптадық

Тоғыз ай, он күн жаттық осы жайда…, – Келіппіз дүние деген кең сарайға Содан кейін оны басқа жаратылыс (адам формасында) қылып, (оған) жан салдық.

Соңғы шумақтан бұрынғы «Құдіреттің күшімен шәрқи пәләк» қатары жоғарыда аталған екі аяттың соңғы «Жаратушылардың шебері Ұлы Алла» деген аятының мағынасына жақын келеді.

Шын мәнінде Құран тек діни емес, сонымен қатар ғылыми әрі әдеби кітап болып есептеледі. «Құран – араб әдебиеті тарихынан ең алғашқы жазба ескерткіш ретінде үлкен орын алды. Өйткені ол араб тілінің сақталып қалуы мен өзге елдерге тарауы, араб тілінің грамматикасының қалыптасуына барынша әсер етті. Кейінгі ғасырларда өмір сүрген шығыстың ақын, жазушылары (біздің елімізден шыққан ақын жыраулар да) шежіреші, тарихшы, географтары Құраннан көп дәйектемелер алып, өз шығармаларында пайдаланған» .

Мәделіқожа 19 ғасырда өмір сүрген болса, Қасиетті Құран жетінші ғасырда, Жаратушы Алла тарапынан соңғы пайғамбар Мұхаммедке с.а.с. түсірілген. Мына жоғарыдағы Мәделіқожаның “Басында қатыра судан болдық пайда” өлеңі нәзирігөйлік әдіспен жазылған. Басқаша айтқанда Мәделі кітаби ақындар қатарына жатады емес пе, осы себептен сол заманда одан бұрынға уақыттарда да адамның қалай пайда болғандығы жайында жырлаған адам көп болған. Ақынның бұл өлеңіне басқа шығыс ақындарының жырларын бермей тікелей Құран аяттарымен салыстырдық.

Енді, кезінде түркі елдеріне ғана емес Ислам елдеріне де атағы шыққан Ахмет Йүгнеки жайында сөз жүргізелік. Йүгнеки XII ғ. өмір сүрген аса көрнекті ақын, мәшһүр ғұлама болған. Осы кісінің бізге жеткен “Хибатул хақаиқ” (Ақиқат сыйы) деген туындысы бар. Аталмыш шығарма 14 тарау 254 бәйіттен тұрады. Йүгнеки Ислам дәуірі әдебиетінің көркемдік дәстүрін негізге ала отырып, дастанның алғашқы тарауын (1-10 бәйіттер) Қайырымды Мейірімді Аллаға, екінші тарауды (11-19 бәйіттер) соңғы Мухаммад (с.а.с.) пайғамбар жайында, одан кейінгі (20-33 бәйіттер) кітаптың жазылуына себепші болған Ыспаһсар бекті мадақтайды. Кейінгі бесінші тараудан бастап дастанның негізгі идеясы басталады. «Ақиқат сыйы» дастанында жомарттық пен сарандық, карапайымдылық пен сабырлық жайында айтылған ой пікірлер қазақтың ақын жыраулары поэзиясында өзінің көркемдік дәстүр жалғасын тапқан. Йүгнеки дастанында өмірді керуен сарайға теңейді:

Бу ажун рабат ол түшүр көчгүлүг

Рабатқа түшүгли түшар кечгүлүг

Оң арқыш узады қанун йол тутуы

Оңы қопмыш арқыш неча көчгүлүг

Енді Б.Сағындықовтың ғылыми негізде жасаған жолма-жол аудармасын берейік:

Бұл дүние керуен түсетін сарай сияқты

Керуен сарайға түскен көш одан әрі сапар шегу үшін түседі

Әдепкі кезден қозғалып, жолға шығып ұзап кетеді

Тағыда жол тартып көшетін керуен қаншама.

Ал осы жайында Мәделіқожа өзінің бір өлеңінде былай дейді:

Дүние бұл бір керуен сарай екен,

Не жетсін шамаң келсе сыйласуға.

Кезекпен келтіріпті күн көрсін деп,

Ұқсатып адамзаттың түлғасына.

Сондай-ақ Мәделіқожа өзінің өлендерінде араб сөздерін қолданған. Араб тілінен көптеген араб сөздерінің қазақ тіліне енгендігі барлығымызға белгілі. Мысалға ондай сөздер арапша «китаб» болса біз кітап деп, «дафтар», «мажлис» сөздерін дептер, мәжіліс деп қолданып жатамыз. Осы секілді сөздерді Мәделіқожа өз өлендерінде қолданған. Мысалы: Халал жүрген жігітке Алла жар-ды Харам жүрген жігіттің пейілі тар-ды. Мәделі бұл жерде халал, Алла, харам деген араб сөздерін пайдаланған. Бүл сөздерді қазақтар халалды-адал, Алланы-Құдай, Тәңірі (кей жерлерде Алла деп те қолданады), харамды-арам деп айтады. Мәделіқожа бұл сөздерді казақша айтылуымен емес араб махраждарымен (әріптің шығу орны) қолданған. Бүл жерденде Мәделіқожаның араб тіліне бір қадам болса да жақын болғаандығын байқауға болады. Ия, Мәделіқожаның Құран тіліне, араб әдебиетіне, Ислам дініне жақын болғандығында дау жоқ. Әрі ол кісі әр-бір істеген істеріндс Құдайдан медет тілеп отырған. Оның бұндай істерін “Құдай-ау, өзің оңда бұл ісімді”,-деген өлең жолдарынан байқауға болады. Мәделіқожа Құдайдың барлығына сеніп, көмектің тек содан болатындығына еш күмән келтірмеген. Мәделіқожаның өз заманында молдалық құрған кездері де бар. Бірақ кейбір ишан-молдалардың дін жолына қатты берілгендей көз бояушылық жасап, пара алу жолын қумаған. Қайта ондай ишандарға қарсы сөздер айтып отырған. Ол арамза молдаларға қарсы тұра алмасада Құдайдың аққа жақ екендігін айтып “Құдай бізді көтереді тоз демекке”,-дейді. Арамзаларға ашуланған ол “Бүгінде ақыл кетті-ау мұсылманнан”,-дей отырып, ондайлардың жазасын Құдайдың өзі берсін дейді. Бүндай мағыналы сөздерді Мөделіқожаның “Әр кімді алсын Құдай жолыменен”,-деген өлең жолдарынан байқаймыз. Дегенмен ақынымыз тым күйреуік емес, діндарлығын істеп, о дүниені айтып далағада лақпайды. Шын мәнінде мұсылман жан-жақты білімді болуы керек, тек діни білімімен ғана шектелуі тиіс емес.

Ұлықбек Алиакбарұлы

  1. Желтоқсан 30, 2010, 12:16 pm

    Ымм… Оқығаныма ризамын, жазғаныңа да ризамын, Алла риза болсын!

  2. Желтоқсан 30, 2010, 5:03 pm

    мына ақпаратыңызды қазақ тіліндегі уикипедияға қосып қойсаңыз да артықтық етпейді🙂

  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s