Негізгі бет > Мақалалар, Әдебиет, Қазақ араб ауыз әдебиеті > Юсуф-Зулайха “Жүсіп-Зылиха” қиссасы (Ұ.Алиакбарұлы)

Юсуф-Зулайха “Жүсіп-Зылиха” қиссасы (Ұ.Алиакбарұлы)


Дін Исламды уағыздайтын діни кітаптардағы фольклоризм мәселелері әлі күнге дейін терең зертелмей жатыр. Соның бірі «Жүсіп – Зылиха» дастанының Құрандағы Юсуф сүресіндегі Жүсіп пайғамбар қиссасымен байланыстылығы.

«Жүсіп – Зылиха» дастанының қазақ ауыз әдебиетіне келуі көп дәуірлерді қамтиды және бірнеше мәселелер арқылы зерттеуді талап етеді.

Жүсіп Зылиха дастаны гуманистік идеяға толы, қарапайым көркем шығарма. Дастанның ауыз әдебиеті нұсқаулары мен жазба түрлеріде (сирия, араб, парсы әдебиетінде, түрік тілдес халықтардың әдебиетерінде) кездеседі.[1]

Дүние жүзілік аңызға айналып кеткен  «Жүсіп – Зылиха» дастанының сюжеті милади жыл санағынан бұрын ІҮ ғасырда яғни, Иса (алайһис сәләм) пайғамбар туылмастан жеті ғасыр бұрын пайда болған екен.  Содан бері қанша заман өтсе де, бұл дастан шығыс ақындарының көбінің шығармаларына өзек болып келді. «Жүсіп – Зылиха» дастанын Фирдауси жазған деген пікір бар, бірақ кейбір ғалымдар бұған қарсы.[2]

Дегенмен Фирдаусиден кейін  «Жүсіп – Зылиха» дастанына көптеген ақын – жазушылар қалам тартқан.

Алғаш Жүсіп пайғамбар туралы лирикалық ән-өлеңдер негізінде жырланып келген болса, бірте – бірте дастан, қисса үлгісінде көлемді туындығы айналған.

«Жүсіп – Зылиха» дастанын тек қазақ халқы ғана емес түркі тілдес халықтар жырлаған. Шығыс ақынадары жырлаған. Жүсіптің туылған жері Канған елі. Бұл қазіргі Ирақ, Сирия мемлекетттері орналасқан жерлерде.

Дастанның кіріспесінде, ұзын – ырғасында Ислам діні, мұсылманшгылық, Аллаһ тағала жайында,  Жебірейіл періште жайында да бар, пайғамбарларларды мадақтайтын шумақтар көп кездеседі. Парсы әсіресе араб сөздері көптеп кездеседі. Дастанның негізгі идеясы діни, Ислам дінінің идеологиясын негізге ала отырып адамгершілікті, гуманизмді уағыздайды. Зылиханың Жүсіп пайғамбарға деген махаббаты жырланады. Махаббат деген ұлы ұғымды Зылиханың Жүсіп пайғамбарға деген махаббаты арқылы суретеледі.

Жүсіп пайғамбар жайында тек түркі тілдес халықтар ғана жырламаған, сонымен бірге «Жүсіп – Зылиха» дастаны парсы, араб тілдерінде де жазылған.

Жүсіп ол пайғамбар, Аллаһ тағаланың елшісі. Жүсіп пайғамбар жайында Құран Каримде де сүре бар. Бірақ ақын – жыраулар айтқандай ол дастан, жыр немесе хикая емес. Ол Алланың сөзі Қасиетті Құранның аяты, Аллаһ тағала Құранда Юсуф (алайһис сәләм) (Жүсіп пайғамбар) сүресінде Жүсіп пайғамбарды мұсылман қауымына үлгі еткен[3].

Осы себептерге байланысты дастанда Ислам тағылымдары, пайғамбарларды мадақтау көбірек кездеседі.

Жүсіп пайғамбар ағайынды он екі ұл болады. Әкесінің аты Яғқуб (алайһис сәләм) (Жақып) ол кісіде пайғамбар болған. Арғы атасы Исхақ (алайһис сәләм) пайғамбар. Ибраһим (алайһис сәләм) пайғамбардың екі ұлы болған бірі Исмаил (алайһис сәләм) екіншісі осы Жүсіп пайғамбардың атасы болып келетін Исхақ (алайһис сәләм) пайғамбар.

Жүсіп пайғамбар жайында жазылға дастан қазақ еліне, қазақ тілінде жетіп келгенше біраз өзгерістерге түскен.

Ұлттық Ғылым Академиясының кітапханасында Шейхул Ислам ибн Юсуфбектің Қазанда 1915 жылы шыққан «Қиссаи Юсуф алайһис сәләм илән Зулайханың мәсәләси» деген кітабы, және араб тілінде жазылған «Юсуф Зулайха қиссасы» деген кітап сақтаулы. Бұ кітап араб тілінде жазылған. Бірақ авторы және шыққан жері жоқ. 2409 папкада сақтаулы.

«Жүсіп – Зылиха» дастаны лиро – эпостық туындылар қатарына жатады. Сонымен бірге мұсылманшылыққа тән кейбір мәселелер қозғалған. Сол замандағы Канған елінің жағдайы, Жүсіп пайғамбар мен ағаларының арасындағы жағдай кейін Жүсіп пайғамбардың Мысыр еліне келуі жайында айтылған.

Жүсіп пайғамбардың әкесінің бірнеше әйелдері болғанды, Жүсіп пайғамбар бәйбішеден туылған әрі бауырларының үлкені еді.

Дастандағы негізгі қозғалған мәселе ол махаббат яғни, Жүсіп пайғамбардың сұлулығы, сол сұлулыққа ғашық болған Зылиха жайында.

Дастандарда «Жүсіп пайғамбар мен Зулайханың» махаббаты жайлы айтылады. Ал Құран Кәрім бұл махаббаттың бастамасын Зулайха уәзірдің әйелі бола тұра, күйеуінің көзіне шөп салмаққа дейін барағандығы жайлы айтады.[4] Оның негізгі себебі Жүсіп пайғамбар аса көрікті әрі өте сұлу жігіт болатын.

Хазіреті Мұхаммед с.а.с. пайғамбар «Исра-Миғраж» оқиғасы түні яғни Аллаһтың құзырына көтірелген түні, үшінші аспанда Жүсіп пайғамбарды кездестіреді. Оны сипаттай келе оған «сұлулықтың жартысы берілген» екен дейді.[5] Яғни, Алам а.с. пайғамбардың сұлулығының жартысы берілген еді. Себебі Аллаһ Адам пайғамбарды Өзі жаратты.[6] Осындай қасиеттерге ие жігітке уәзірдің әйелінің көңілі ауады.

Дастанның қысқаша мазмұны, Жүсіп пайғамбар он екі ағайынды болады, дастанның бас жағында Жүсіп пайғамбармен туысқан он ұл және бір қыз деп келтірген:

Жоғарыда Жақып нәби былайша деп,

Атасының жауабын тыңдады бек.

Он ұл, бір қыз туысқан мұныменен,

Барлығына айтады есітіп кеп.

Ал, дастанның орта жағында Жүсіп пайғамбардың барлық ағайыны ұлдар болған деген. Ақын Жүсіпбек, Жүсіп пайғамбар Мысырда жүргенінде алдына ағалары келеді, автор солардың сөзімен он екі ағайынды екендігін айтқан:

Олар айтты: – Кінғаннан келдік- деді,

Он екі ұл бір кісіден едік, деді.

Бабамыз Ысхақ, атамыз Жақып нәби,

Көп жылдай қайғы – қасірет көрдік, деді.

Осы жайында Мұсылман әлеміне белгілі ғалым тарихшы, тәпсірші Ибн Касир «Пайғамбарлар қиссасы» кітабында былай дейді:

أن يعقوب كان له من البنين اثنا عشر ولدا ذكرا و إليمهم تنسب أسباط بني إيرائيل كلهم، و كان أشرفهم وأجلهم يوسف عليه السلام. [7]

Аудармасы: «Яғқубтың (алайһис сәләм) (Жақып пайғамбардың) он екі ұл баласы болады, олардың тегі Бани Исраилден, ең құрметтісі, қадірлісі Юсуф (алайһис сәләм) (Жүсіп пайғамбар) алайһиссәләм болған».[8]

Жүсіп пайғамбар Жақып нәби ұлдарының ішіндегі ең көрікті де көркем, балуан денелі болған.

Жүсіп пайғамбар жас кезінде түс көріп, түсінде Ай, Күн және он бір жұлдыз көреді, көрген түсін әкесіне айтқанда, Әкесі Жақып пайғамбар жақсыға жорып ағаларыңа айтпа саған жамандық істеп қоюы мүмкін дейді:

Жүсіп нәби он бірге шыққан еді,

Жақып сушы қасында ұйықтап еді,

Ғажайып ұйқысында бір түс көріп,

Тағрифін атасынан сұрап келді.

– Түсімде толған ай мен күнді көрдім,

Он бір жұлдыз қасында бірге көрдім.

Он бір жұлдыз ол айға сәжде қылды,

Тағрифін, ата, сізден сұрай келдім.

Ай ұлым, бұл түсіңіз мүбәрәк түс,

Құдайым берер сізге ниғмәт уә күш.

Саған ғиззат уә рәфғат қылар сүбхан,

Ешкімге бұ түсіңді айтпағын сіз.

Ал Қасиетті Құрандағы Юсуф (алайһис сәләм) сүресінде де Жүсіп пайғамбардың ай, күн және он бір жұлдыз көргендігі жазылған бірақ ол жұлдыздар айға емес, барлығы өзіне сәжде етілгендігі жазылған[9].

Бұл түс жайында Ибн Касир «Қисасул Әнбия» «Пайғамбарлар тарихы» кітабында тафсиршілердің мына сөздерін келтірген:

“راى يوسف عليه السلام وهو صغير قبل أن يحتلم، كأن احد عشر كوكبا، و هم إشارة إلي بقية إخوته، والشمس و القمر و هما عبارة عن أبويه، قد سجدوا له.[10]

Аудармасы: «Юсуф алайһис сәләм (Жүсіп пайғамбардың) кәмелетке толмай тұрып көрген түсі: он бір жұлдыз өзінен басқа ағалары екендігіне ишарат, ал күн мен ай ата – анасы, олар оған сәжде етеді».[11]

«Ұлы Құран тафсирі» кітабында күнді Жүсіптің (алайһис сәләм) әкесі ал айды анасы деп жазған. [12]

Ибн Аббас радиаллаһу анһу пайғамбарлардың түсі уахи дейді.

Жүсіп пайғамбардың дастанда ағалары жайында бірнеше жерлерде жазылған, бірақ олардың есімдері келтірілмеген. Ибн Касирдің «Ұлы Құран тафсирі» кітабында Жүсіп пайғамбардың ағаларының есімдері келтірілген:

“وقد جاء في حديث تسمية هذه الأحد عشر كوكبا فقال الإمام أبو جعفر بن جرير حدثني علي بن سعيد الكندى ثنا الحكم بن ظهير عن السدى عن عبد الرحمن بن سابط عن جابرقال: أتى النبي صل الله عليه و سلم رجل من يهود يقال له بستانة اليهودي فقال له: يا محمد أخبرني عن الكواكب التي رآها يوسف أنها ساجدة له ما أسماؤهما؟ قال فسكت النبي صل الله عليه و سلم ساعة فلم يجبه بشيء ونزل عليه جبريل عليه فأخبره بأسمائها. قال فبعث رسول الله صل الله عليه و سلم إليه فقال: “هل أنت مؤمن إذا أخبرتك بأسمائها؟” قال نعم، قال: “جريان، والطارق والديال، وذو الكتفين، وقابس، ووثاب، وعمودان، والفليق والمصبح، والضروح, والفرع” فقال اليهودي: أى والله إنها لأسمائها. ورواه البيهقي في الدلائل من حديث سعيد بن منصور عن الحكم بن ظهير”.[13]

Аудармасы: «Он бір жұлдыз жайында имам Абу Жағфар ибн Жарир былай дейді: Бұл хадис былайша мына кісілерден келген: Али ибн Сағид әл-Киндидиге әл-Хакам ибн Заһирден, оған әл-Сададан, оған Абдуррахман ибн Сабиттан, оған Жабирден. «Бір күні Пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) Бустана әл-Яһуди деген бір еврей кісі келіп: Ей, Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уә сәлләм)! Жүсіп пайғамбардың түсіндегі өзіне сәжде қылып жатқан он бір жұлдыздың аттарын маған айтшы? Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) бір сағат үнсіз отырып, оған еш жауап бермеді. Кейін Жебірейіл (алайһис сәләм) періште келіп олардың есімдерінің хабарын жеткізді. Кейін  пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) адам жіберіп, оған: «Егер олардың есімдерін айтсам иман келтіресің бе?»,-деді. Яһуди ия деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм):

  1. 1. «Жариян,
  2. 2. Ториқ,
  3. 3. Дәййәл,
  4. 4. Зул Кәтфәйн,
  5. 5. Қабис,
  6. 6. Уисәб,
  7. 7. Амудан,
  8. 8. Фалиқ,
  9. 9. Масбах,
  10. 10. Дурух,
  11. 11. Фарғ»,-деді.

Яһуди: «ия, Алланың атымен ант етемін, бұл сол есімдер»,-деді». әл-Байхақи «әл-Дәләил» кітабында Захирден, әл-Хакамнан Сағид ибн Мансурдың хадисінен риуаят еткен»[14].

Жүсіптің өзінің бір анадан туған інісі бар болатын оның аты Бинямин. Ағайынды он бірі Жақыптың басқа әйелдерінен еді.

Юсуфтың он бір бауыры бар тұғын. Солардың ішінде Юсуфтың бір шешеден туған Бинямин деген кіші інісі болатын. Қалған онның алтауы бір шешеден, ал төртеуі басқа бір екі күңнен еді. Олар Юсуф пен Биняминді көре алмайтын. Өйткені әкелері Яғқуб (Жақып) ол екеуін қатты жақсы көретіндігі соншалық оларсыз бір сағатта шыдай алмайтын. Кейде Юсуф ойнап сыртқа шығып кетсе, оны қайтадан қасына шақырып алатын.[15]

Көре алмаушылықтың салдарын Жүсіпті ағалары өздерімен алып кетіп, құдыққа тастап, әкелеріне қасқыр жеді дейді. Оны саудагерлер тауып алып, Мысырға алып кетеді, сонда оны құл ретінде сатып жібереді. Сатқан кісінің есімін Ибн Касир кітабында «Малик ибн Заър ибн Нууайб ибн Ғафқа ибн Мадйян инб Ибраһим» деп жазған. Дұрысын бір Алла біледі.[16] Бұны Патшаның уәзірі сатып алады.

Жүсіпті сатып алған адам Мысырдың асыл тұқымдыларынан еді. Патшаның уәзірі әрі қазына басшысы болатын. Ибн Исхақ сатып алған адамның есімін «Итфир бин Рохиб» дейді.[17] Дегенмен Ибн Касир тарихының негізгі асыл нұсқасында сатып алушының есімі «Қитфир» деп жазылған.[18] Ал 2007 жылы Ресейде «Диля» баспасынан шыққан «Пайғамбарлар қиссасы» кітабында сатып алушыны «Атфир» деп айтқан.[19] Сахабалар Ибн Аббас пен Ибн Масъуд Жүсіпті 20 дирһамға, Мужаһид 22 дирһамға, ал Икрима және Мухаммад бин Исхақ 40 дирһамға сатып алды дейді. Анығы бір Аллаға аян.[20] Бұл уақытта Мысырдың патшасы Раййан ибн әл-Уалид болатын. Раййан «Амалиқтық» еді. Жүсіпбек дастанда патшаның есімі «Риян» деп айтқан. Итфирдің әйелінің есімі «Раъил, немесе Райил» еді. «Зулайха» оның есімі емес лақабы болатын. Кейбіреулер әйелдің есімі «Юнус қызы Фака» деп айтады. Бұл сөзді әс-Сағлаби Аби Һишам әр-Рифағиден естігендігін айтады.[21]

Дастанда патша үйінде жүреді кейін, оны Зылиха түсінде үш рет көретіндігі келген. Зылиха Мағрип елінің патшасының қызы деп келтірілген. Патша қызы үшін Мысыр еліне келіп Жүсіпті құлдықтан босатып сатып алады. Еліне әкеледі, қызы Зылихаға тапсырады.

Зулайха патшазаде Таймус қызы

Ол Таймус патша еди күнбатусда

Зылиха мағрип шахтың қызы еді,

Ел-жұртының аузында сөзі еді.

Мекені Зылиханың мағрип еді,

Арасы Мысыр менен көп жер еді.

Бұл Жүсіпбек Шайхулисламұлының жазғаны. Мағрип араб сөзі қазақша күнбатыс деген мағына береді. Жүсіпбек ақын Зылиха мағриптан деген.

Бұл мәлімет Ұлттық Ғылым Академиясының кітапханасында «Юсуф-Зулайха қиссасы» деген араб тіліндегі кітапта да бар. Ол кітапта мынадай мәліметтер жазылған:

Ибн Аббас р.а. айтты: «Бұл қиссаның негізгі себебі Зулайханың көрген түсі. Зулайха Мағриб елінің патшасы Таймустың қызы еді. Ол заманда одан өткен сұлу болмады. Ол Юсуфтың суретін түсінде көріп, оған қатты ғашық болады. Қыздың ақылы кетіп, түсінде көрген жігітке қатты ғашық болады. Ол кезде қыз тоғыз жаста болатын. Оның түрін көрген әкесі қызына не болды деп сұрады. Сонда қыз: мен түсімде бір сұлу жігітті көрдім. Ондай сұлу жігітте дүниеде көрген емеспін. Әкесі оған: егер оның қай жер екендігін білгеніңде саған әекліп берер едім деді. Екінші жылы қыз түсінде сұлу жігітті және көрді. Қыз оған: сені қай жерден іздеймін деді. Жігіт: мені Мысыр елінен табасың деп жауап берді. Түсінде көргенін әкесіне айтты[22].

Дегенмен 1976 жылы Алматы «Жазушы» баспасыннан шыққан «Ғашық-наменің» Ү.Субханбердиева жазған алғысөзінде: «Жүсіп көп жылдардан кейін Мысыр патшасының әйелі Зылихаға қызметші болады…. Ақыры Жүсіп Мысыр еліне патша болып, Зылиханы алады….»,-деп жазылған.

Кейін соңғы жақтарында Зылиха мен Жүсіп пайғамбардың үйленіп, он екі ұлдары болғандығы жазылған. Ағаларымен кездесетіндігі де жазылған. Канған елінен келген ағаларымен және әкесімен жүздеседі.

Дастанды ақын Жүсіпбек Шайхулисламов былайша бітірген:

Бір күндері Зылиха дүние салды,

Зылиха өліп, Жүсіп жесір қалды.

Жаназалап көмбекке Зылиханы,

Шаһардың барша жұртын жиып алды.

Содан соң көп ұзамай Жүсіп өліп,

Шаһары ренжіді аштық болып.

Сүйегін өз жеріне алып кетті,

Мысалымға Риянның өзі келіп.

Ал Қасиетті Құрандағы аяттарда Жүсіп пайғамбардың Зылихаға үйленгендігі жайында жоқ. Бірақ оқиғаның Мысыр жері екендігі айтылған. Зылиха аты аталмаған, тек әйел деп жазылған. Тафсирлерде ол әйелді патша уәзірінің әйелі деп жазылған.

Итфир қайтыс болған соң Жүсып оның орнына отырады, қазыналық істі басқару Жүсіпке беріледі. Итфир о дүниелік болған соң, Жүсіп оның әйелі Зулайхаға үйленеді. Зулайхаға үйленген уақытта ол әлі еркек көрмеген екен. Итфир қарт болған әрі Зулайхаға баруға шамасы болмаған көрінеді.[23] Уәзір балалары жоқ егде тартқан кісі еді[24] Зулайха Жүсіптен екі бала тапты. Ол екеуін «Афраим» және «Манша» немесе «Минша» деп атады. Мысыр патшасы Жүсіпке үлкен сенім артатын, әрі оны сарай істеріне араластыратын. Жүсіп саясатқа араласып әділ үкім жүргізді. Жүсіпті жергілікті халық өте қатты жақсы көретін.[25]

Жүсіпбектің жазған дастанындағы:

Сүйегін өз жеріне алып кетті,

Мысалымға Риянның өзі келіп,-деген қатарларға жүгінер болсақ. Жүсіптің сүйегін өз еліне Мысыр патшасы Риян алып кетті дейді.

Жүсіп қайтыс болғанда бауырлары оны жерге тапсырды. Мұса пайғамбар а.с. Жүсіптің сүйегін әкесі мен атасының жатқан жеріне апарып көмгенге дейін, Мысырда жатты.[26]

“و قال مبارك بن فضالة، عن الحسن: ألقي يوسف في الجب وهو ابن سبع عشرة سنة، وغاب عن أبيه ثمانين سنة، وعاش بعد ذلك ثلاثا وعشرين سنة، ومات وهو ابن مائة وعشرين سنة.[27]

Аудармасы: «Мубарак ибн Фадала, Хасаннан былай дейді: «Құдыққа тасталғанда 17 жасар еді, Әкесін 80 жыл көрмеді, одан соң 23 жыл өмір сүрді, 120 жасында қайтыс болды».[28]

Жүсіп пайғамбар жайындағы негізгі, асыл нұсқа араб тілінде болған, кейін парсы тілдерінде жазылған, одан өтіп бізге Орта Азияға жеткен.

Бізге келемін дегенше  «Жүсіп – Зылиха» дастаны бірнеше өзгерістерге түскен. Шығыста бір ақынның жырлаған тақырыбын және бір ақынның жырлауы, қайта әңгімелеуі ол ертеден қалыптасып келе жатқан дәстүр. Бұл жайында М.О.Әуезов былай дейді: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратын болады….»[29]


[1] Ғашықтық дастандар. Құрастырған. Ү.Субханбердиева. Алматы. «Ғылым» 1994ж, 10-11 беттер.

[2] «Ғашық – наме», Шығыс халықтарының желісіне құрылған қазақ дастандары. «Жазушы» баспасы, Алматы-1976ж. 15-бет.

[3] Құран Карим, Юсуф сүресі.

[4] Құран Кәрім Юсуф сүресі.

[5] Ислами кайнаклара гөре пейгамберлер. Доктор Абдуллаһ Айдемир. Бірінші басылым. Анкара 119 ж.82-бет.

[6] Истории о прароках от Адама до Мухаммада. Со слов Ибн Касира. Москва – Санкт-Петербург, «Диля» 2007 г. стр-152.

[7] “قصص الانبياء”، ابن كثير، دمشق 1998م ص 208

[8] Пайғамбарлар тарихы. Ибн Касир. Дамаск. 1998ж. 208 бет.

[9] Құран Карим, Юсуф сүресі

[10] “قصص الانبياء”، ابن كثير، دمشق 1998م ص 208

[11] Пайғамбарлар тарихы. Ибн Кассир. Дамаск. 1998ж. 208 бет.

[12] Ибн Касир, «Ұлы Құран тафсирі», Дамаск  1993 жыл. ІІ-том 450 бет.

[13] “تفسير القرآن العظيم” ابن كثير، بيروت، 1413هـ-1993م. المجلد الثاني. ص-450

[14] Ибн Касир, . «Ұлы Құран тафсирі» Дамаск 1993 жыл, ІІ том 450 бет.

[15] Пайғамбарлар қиссасы. Құрастырғандар: А.Қадыров, Ж.Жакипов, Қ.Қыдыралыұлы. Алматы, «Қаблан» ЖШС, 2007. 122-бет.

[16] «Қисасул әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) Ибн Касир. «Дар Ибн Касир» баспаханасы. Бейрут, Дамаск. 9-шы баспа, 1427 һижри жылы. 258-бет.

[17] «Қисасул әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) Ибн Касир. «Дар Ибн Касир» баспаханасы. Бейрут, Дамаск. 9-шы баспа, 1427 һижри жылы. 258-бет.

[18] Сонда.

[19] Истории о прароках от Адама до Мухаммада. Со слов Ибн Касира. Москва – Санкт-Петербург, «Диля» 2007 г. стр-147.

[20] «Қисасул әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) Ибн Касир. «Дар Ибн Касир» баспаханасы. Бейрут, Дамаск. 9-шы баспа, 1427 һижри жылы. 258-бет.

[21] Сонда.

[22] Юсуф Зулайха қиссасы. ҰҒА-ның кітапханасы. 63-64 беттер. 2409 папка.

[23] «Қисасул әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) Ибн Касир. «Дар Ибн Касир» баспаханасы. Бейрут, Дамаск. 9-шы баспа, 1427 һижри жылы. 270-бет.

[24] Пайғамбарлар қиссасы. Құрастырғандар: А.Қадыров, Ж.Жакипов, Қ.Қыдыралыұлы. Алматы, «Қаблан» ЖШС, 2007. 124-бет.

[25] «Қисасул әнбия» (Пайғамбарлар қиссасы) Ибн Касир. «Дар Ибн Касир» баспаханасы. Бейрут, Дамаск. 9-шы баспа, 1427 һижри жылы. 270-бет.

[26] Истории о прароках от Адама до Мухаммада. Со слов Ибн Касира. Москва – Санкт-Петербург, «Диля» 2007 г. стр-173.

[27] “قصص الانبياء”، ابن كثير، دمشق 1998م ص-240

[28] «Пайғамбарлар қиссасы», Ибн Касир, 240 бет, Дамаск 1419 һижри жылы

[29] М.О.Әуезов, Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, «Ғылым», 1967, 181-182 беттер.

  1. Желтоқсан 19, 2010, 6:21 pm

    Ізденісіңізге тәнтімін!

  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s