Негізгі бет > Дін, Діни ағымдар, Хизбут тахрир > Қатерлі Хизбут тахрир: “Хизбут тахрирдың қалыптасу тарихы”

Қатерлі Хизбут тахрир: “Хизбут тахрирдың қалыптасу тарихы”


Хизбут тахрирдың қалыптасу тарихы

«Хизбут тахрир[1]» 1953 жылы Палестинаның Құдс қаласында жергілікті апелляциялық соттың судьясы Тақиюддин әл-Набһанидің жетекшілігімен құрылды.  Тақиюддин қайтыс болған соң партияны Абдул Қадим Заллум 1977-2003 жылдар аралығында басқарды. 2003 жылдан бері партияны Ата Әбу Рашта басқарып келеді.

Хизбут тахрир өздерін адамзат баласын шайтанның арбауынан азат етуші, ислам идеологиясын насихаттаушы саяси партия деп атайды. Себебі қазіргі күні мұсылман елдері ислам шариғатымен өмір сүрмей келеді, ал біз сол шариғат үкімін қайта орнатып Ислам мемлекетін құрамыз дейді. Халифалық құру мақсатында Хизбут тахрир 187 бабтан құралатын конституциясын жазып шыққан. Партияның бас құжатында ислам экономикасы, басқару жүйесі, әйел мен ердің құқығы, әйелдің сайлауға қатысып дауыс беруі, меншік иесі болуы жайлы жазбаларды қамтиды.

Аталмыш пария конституциясының 62-ші бабында былай дейді: «Жихад әр бір мұсылманға парыз. Әскери тәрбие алуда міндетті. Осы себепті он бес жасқа келген әр бір ер жігіттің жихадқа дайындалып әскери тәрбие алуы парыз. Ал әскери адам болуы парыз кифая»[2]. Осылайша партия қолға қару алып жиһад жасауды әр бір еркек кіндікке парыз санайды. Осы себепті болса керек сәләфия ағымының тәкфир[3] деген бір бөлігі партия мүшелерін біздің бауырымыз деп санайды[4].

1952 жылы бес адамнан құралған топ Иордания ішкі істер министрлігіне жаңа партияны тіркеу жайлы өтініш білдіреді. Олар:

1. Тақиюддин әл-Набһани – партия басшысы,

2. Даууд Хамдан – партия басшысының орынбасары әрі хизбтың бас хатшысы,

3. Ғаним Абдуһ – қазына басшысы,

4. Мунир Шақир – партия мүшесі,

5. Әдил әл-Нәбилиси – партия мүшесі.

Партияның орталығын Құдс қаласы деп белгіленіп, мемлекеттік рұқсатқа 1953 жылы 14 наурыз күні ие болады. Дегенмен 22 наурызда партияның барлық іс-әрекеттеріне тыйым салынады. Тақиюддин бұл тыйымға қарамастан партия істерін жалғастыра береді[5].

Алғашқыда партия Палестинаны азат ету және сионизммен күресуді өз алдына мақсат етеді. Кейін партия мүшелерінің көбеюіне байланысты партия көсемі Тақиюддин халықты жаппай исламдандыру жолымен халықаралық масштабта мұсылман мемлекеттерін біріктіріп халифат құру идеясын ұсынады.

«The Heritage Foundation»-ның мәліметі бойынша партия әлемнің 40 астам елінде өз идеологиясын таратып келеді. Партияның ғаламтордағы негізгі сайттарының бірі араб, түрік, орыс, ағылшын, неміс, урду және дат тілінде жүргізіледі[6].

Египет. Хизбут тахрирге 1974 жылы Египетте үкіметті басып алу әрекетінен соң тыйым салынды. Осы уақытта партияның көптеген мүшелері Ливияға қоныс аударды. 1983 жылы партия мүшелері Египет үкіметін басып алу әрекетін қайталамақ болғанымен іске аспады. Осы жылы Египет барлау агенттігі біршама партия мүшелерін қудалап, тұтқындады.

Иордания. 1977 жылы кейінірек 1993 жылы партия мүшелері әскерилермен біріге отырып Иордания королі Хусейнді өлтіріп, басшылықты қолына алуға әрекеттенеді. Дегенмен Иордан қауіпсіздік органдары бұған жол бермей, партия мүшелері ұсталып, қатаң жазаларға тартылды.

Түркия. 1967 жылы партия мүшелері Түркияға орнығуға бет алды. Партия баспалары Ататүрікті халифатты құлатқан ағылшындардың қуыршағы және еврей деп айыптады. Осы жылы партияның бір топ мүшелері ұсталып, жазаға тартылған болатын. Түркияда орныға алмаған партия мүшелері Европаға қарай ығысты. Партия мүшелері Европаның саяси ашық аймақ екендігін пайдалана отырып, өздерінің діттегендерін іске асыру мақсатында батыс қарай көшті. Араға 30 жыл салып партия мүшелері 2003 жылы Түркияда қайта бой көтерді. Бұл жолы Түркия халқын Евро Одаққа қосылмауға шақырды.

2009 жылы Түркия Республикасы, Стамбул қаласының 14-ші Қылмыстық соты хизбут тахрирдің 19 мүшесін 119 жылға соттап, бас бостандығынан айырды[7].

Ұлыбритания. Британ жерінде партия әрекетіне тыйым салынбаған. Партия мүшелері саяси бостандықты пайдалана отырып, біршама конференциялар, деманстрациялар өткізеді. Британ жеріне 1970 жылдары келді. Қазіргі күні партияның қиядаты (штаб квартирасы) Лондонда орналасқан. Партияның «Әл-Халифа пабликейшнз» баспа орталығы да Лондонда орналасқан.  Үнпарақтар ғаламтор арқылы Қырғызстанға одан ары Өзбекстан жеріне жіберіліп отырған. Лондонда партия қатарына кәмелет жасына толмағандарды ғана шақыруына, ендіруіне тыйым салынады[8].

Германия. Партия Германияда антисемитизммен айналысқаны үшін көзге ілікті. Неміс жерінде таратылған үнпарақтарда партия еврейлерге деген теріс көзқарастарын білдіріп отырған.  2003 жылы 15 қаңтарда Германияның федералды ішкі істер министрлігі партияның іс-әрекетіне Германия аумағында тыйым салды.

Өзбекстан. Алғаш рет Өзбекстанға 1970 жылы Кеңес одағының тұсында партияның идеологиясын ЖОО оқып жүрген иордандықтар мен пакистандықтар әкелген болатын. Екінші толқын 1992 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң басталды. Осы жылы Салахуддин есімді иордандық азамат Ферғанаға хизбут тахрирдің кітапшаларын алып келеді. Тек 1995 жылы ғана партияның жұмысы өзбек жерінде қарқынды белең алды. 1991-1995 жылдар арасында қазақ жерінен Өзбекстанға әсіресе ОҚО-дан мыңдаған жасөспірім хужраларда[9] діни білім алу үшін кеткен болатын. Өзбекстан Республикасында ресми мәліметтер бойынша 1995 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан партия мүшелері қылмыстық жазаға тартылып келеді.

Хизбут тахрир идеологиясының нәтижесінде Өзбекстанда партиядан бөлініп шыққан топтар пайда болды. 1996 жылы Акрам Юлдашев есімді азамат партия қатарынан бөлініп, «Акромийлар» атты топ құрды[10]. 1999 жылы Ташкентте Мирзажанов Шарипжан Атоевич «Хизбун Нусрат» тобын партия қатарынан бөлініп шығып құрды[11].

Өзбекстанда хизбут тахрир 1995-1999 жылдары қызу іс-әрекет етіп отырған уақытта партия структурасы[12] мутамадқа дейінгі дәрежеге жеткен[13]. Қазақстандағы масуулдер Өзбекстандағы мутамадқа бағынышты болған.

Ресей. 2003 жылы РФ Жоғарғы соты Хизбут тахрирді террористік ұйым деп танып, бүкіл Ресей Федерациясы аумағында тыйым салды.

Бұдан бөлек партияның қызметі Канадада, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Пәкістанда, Сирияда заңды түрде тыйым салынған.

Қазақстан. Партия өз жазбаларында Қазақстанды да кенде қалдырған емес. Кең байтақ елімізге көз тіккендігін партия кітаптарынан байқауға болады. Партия еліміз жайлы былай дейді: «Кеңес Одағы тараған соң жаңадан 15 мемлекет пайда болды. Бұлардың арасында Орта Азияда орналасқан 5 мұсылман мемлекеті бар»…. «Олардың негізгісі Өзбекстан» деп жазып келіп, 2-ші мемлекет ретінде «Қазақстан» деп жазған[14].

Егемендік алған соң халқымыздың діни мәселелерде мұқтаждығы біліне бастады. Осы осал тұсты пайдалана білген партия мүшелері өз идеологиясын қазақ жеріне де таратуды мақсат тұтты. 1991-1995 жылдары қазақ жастары Өзбекстанға діни білім алу мақсатында аттанды. 1996-1997 жылдары ОҚО Түркістан ауданына қарасты Қарашық елді-мекеніне Өзбекстандық бес азамат егін егу, жалданып жұмыс істеуге келеді. Қарашықта өзбек отбасыларының ортасына келген Өзбекстандық бес азамат партия кітапшаларын оқып, дәріс ұйымдастырады. Алғаш болып кірген қарашықтың А. есімді жігіт партия идеологиясын Кентау қаласында тарата бастайды. Кейінірек Түркістан, Шымкент, Арыс, Қызылорда, Арал, Алматы, Павлодар қалаларында таратыла бастады. Алғашқы кездері партия кітапшалары өзбек тілінде таратылды. Қазақ тіліне аудару 1997 жылдары Аралдан шыққан жігіттерге нәсіп болды. Партияның кітапшалары мен үнпарақтары тікелей Өзбекстаннан әкелініп, көбейтіліп таратылып отырды. Қазақстандық нақибтар алғашқы жылдары Өзбекстандағы масуулге бағынды. Кентау қаласының тұрғыны Б. есімді азамат қазақ-өзбек шекарасында партияның кітапшаларын өткізу барысында өзбек әскерилеріне ұсталған болатын. Б. есімді жігітті өзбек соты бас бостандығынан айырып, түрмеге қамады. Б. есімді жігіт жазасын өтеп шыққан соң ҚР аумағында партия идеологиясын тартуын тоқтатпады. Бақытжан Астана қаласына жұмыс мақсатымен барып, партия идеясын таратып жүріп, құрылыс нысандарында көп қабатты үйден құлап қаза болды. 1998 жылы Кентау қаласының тұрғыны Қ. есімді жігіт құқық қорғау қызметкерлеріне теріс пиғылды діни әдебиеттерді таратқаны үшін ұсталды. Ол уақытта Қ. партияның белді мүшесі әрі нақиб болатын. 2-3 жылдың ішінде партия Кентау қаласында өз жақтастарын көбейтіп, идеологиясын тарата білді. Ж. есімді мушриф Кентау қаласында уағызды үйде тығылып жүргізгеннен пайда жоқ. Көшеде, парктерде отырған жастарды ашық уағыздаған дұрыс деген пікір айтты. Ж. есімді жігіттің пікірі нәтиже беріп, жемісті нәтижесі үшін бір саты жоғарылап нақиб болды.

Қазақстанда алғаш рет Кентау қаласында кейін Арыста, Павлодарда масуулдер сайланды. Масуулдер тікелей Өзбекстандағы муътамадқа бағынды.  Қазіргі күні хизбут тахрирдің Қазақстандағы кейбір белді мүшелері түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп шықты. Бірақ партияға берген анттарынан қайтты деп айту қиын. Мұндай пікірге аталмыш азаматтармен түзеу мекемелерінде жүргізген сұхбаттар арқылы келдік.

Мысалы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған Т. есімді партия мүшесімен сұхбат барысында қазақ халқының дәстүрі жайлы сөз қозғалып, мақал-мәтелдер айтылған болатын. Т. есімді жігіт: «1300 жыл бұрын айтылған хадис тұрғанда мақалдың не керегі бар» деп жауап берген болатын. Әбу Ханифа мазхабында дәстүрдің де діни мәселелерді шешуде орны бар деген жауапқа қарсылық білдірді.

1991-1998 жылдар арасында Кентау қаласында «500», «600», «Кладбище», «Бомбей», «Аш жалаңаш», «Қырық кепе», «Ялта космос» секілді қылмыстық топтар болатын. Хизбут тахрир осы топ лидерлерін өз қатарларын тартып, идеологиясын таратуда оңтайлы жол таба білді. Қылмыстық топтардың лидерлері партияға еніп мушриф, нақиб лауазымдарын иеленіп, өз қатарларын бұрынғы қылмыстық топтағы бағыныштыларымен толтырды.

1998 жылы ЖОО-нда әскери кафедрада әскери білім алып жүрген партияның мүшелері әскери ант беруден бас тартты. Негізгі себеп «Біз хизбут тахрир партиясының мүшесіміз» деп айту болды. Партия мүшелері «антымызды партияға бергенбіз, демократияны насихаттайтын күпір системасына бермейміз» деген уәж айтты. Шымкент қаласында партияның идеологиясы жатақханаларда таратылды. Студенттер арасында қатерлі идеологияның таратылып жатқанын байқаған ЖОО басшылығы аталмыш студенттерді оқу орнынан шығарудан басқа амал таппады. Кейінірек аталмыш студенттер халық арасында діни алауыздықты насихаттайтын партия үнпарақтарын таратқандығы үшін ұсталып, жазаланды.

Хизбут тахрирдың конституциямызға қарсы бағытталған рұқсат етілмеген акциялары, насихат қызметін ұйымдастыру, экстремистік мазмұндағы үнпарақтар мен әдебиеттер дайындап, сақтап, тарату фактілері белгілі болған. 2005 жылы Астана қалалық сотының 2005 жылдың 28 наурыздағы шешімі негізінде Хизбут тахрир партиясы Қазақстан Республикасы аумағында экстремистік ұйым ретінде танылып, республика бойынша партияның іс-әрекетіне тыйым салынды.

Партия идеологиясы Индонезия, Малайзия, Ливан, БАӘ, Йемен, Палестина автономиясында ашық насихатталып келеді.


[1] Хизбут тахрир – арабтың «хизб» «әл-тахрир» сөзінен құралған. Хизб «партия», әл-тахрир «азат ату» деген мағыналар береді.

[2] Hilafet Devleti’nin Anayasa Tasarısı. (Халифалық мемлекеттің конституциясы). 2006 жылғы басылым. 27 бет.

[3] Сәләфияның тәкфир тобы өздерінен басқа бүкіл жамағатқа, сондай ақ мемлекеттік қызметкерлердің барлығын кәпір деп санайды. Кәпір болған соң ол адамды, оның бала-шағасын, әйелін зорлап, қорлап өлтіруге, дүние-мүлкін тартып алуға болады деп айтады.

[4] Бұл сөздерді ОҚО-да түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған М. есімді жігіт айтқан болатын.

[5] «Фикру хизбут тахрир» (Хизбут тахрирдің идеологиясы) Құрастырған: Раид Насыр Әбу Ауда, Газа Ислам университеті. 2009 ж. 8-бет.

[6] Зейно Баран. Хизб ут-тахрир. Политическая радикализация ислама. Никсон орталығы. 2004 ж. 37-бет.

[7] Oğuz Eser. Müslüman ülkelerin Hizb-ut Tahrir’le dertleri ne?  (Оғуз Есер, Мұсылман елдерінің хизбут тахрирге байланысты әрекеттері). http://www.timeturk.com, 25 қаңтар 2013 жыл.

[8] S. Zubaida, “Islam in Europe”, Critical Quarterly, 45, no. 2: (July 2003).

[9] Хужра – араб тілінде «бөлме» деген мағына береді. Жасырын ұйымдардың діни дәрістер беретін оқу орындары.

[10] Bakhram Tursunov, “Extremism in Uzbekistan”, The Conflict Studies Research Center, July 2002, pp. 14-16.

[11] International Crisis Group, “The IMU and the Hizb ut-Tahrir: Implications of the Afghanistan Campaign”, Asia Briefing Paper, January 03, 2002, p. 13.

[12] Партия структурасы жайлы —— бетті қараңыз.

[13] Islam Kerimov – Hizbut tahrire karsi. (Ислам Каримов хизбут тахрирге қарсы) Mәскеу 1999. 5-бет.

[14] Hizb-ut tahrir’in Siyasi Mefhumları. (Хизбут тахрирдің саяси түсініктері). 4-ші басылым. 2005 жыл. 170-бет.

  1. No comments yet.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s