Негізгі бет > Дін, Мәзхаб, Ханафи мәзхабы > Әбу Ханифаның шәкірттері: “Мұхаммед ибн әл-Хасан”

Әбу Ханифаның шәкірттері: “Мұхаммед ибн әл-Хасан”


Мұхаммед ибн әл-Хасан. (132-189[1] һ.) Толық есімі Әбу Абдулла Мұхаммед ибн әл-Хасан әл-Шайбани. әл-Шайбани деп аталғанымен ол әулеттен болмаған. Халифа Һарун әл-Рашид заманында өмір сүрген. Ханафи мазхабының таралуына көп еңбек сіңірген ханафи мазхабының ғалымы.[2]

Әбу Ханифа дүниден өткен кезде жасы 18 болған. Әбу Ханифадан толық дәріс алмағанымен Ирақта Әбу Юсуфтен дәріс алған. Сонымен бірге әл-Сәури, әл-Аузағиден дәріс алған. Имам Мәликтің алдына барып оқыған. Мәликтің пікірлерін және фиқһул ахадис, риуаят дәрістерін алған. Халифа әл-Рашидің қазысы болған. Иман Шафиғи Мұхаммед жайлы былай деген: «Мұхаммед ибн әл-Хасан көзі ашық жүрегі болған адам. Сөзге шешен адам. Өзін тыңдап отырған адамға Құран менің тілімде түскен деп айтатын»[3]. Бай сұлтандарға иілмейтін, тік мінезді адам болған. Әл-Хатиб әл-Бағдади ол кісі жайында былай дейді: «Бір күні отырған жерімізге әл-Рашид келді. Отырғандардың барлығы орнынан тұрды. Мұхаммед қана орнынан тұрмады. Тек азан айтылған уақытта ғана орынан тұрып сыртқа шығады. Сыртқа шыққанда Мәлик неге орныңнан тұрмадың дегенде «Сен маған ғылымды үйреттің, қызметшілердің қатарынан емеспін» деп жауап береді»[4].

Мұхаммед Ирақ фиқһын толық меңгерген, Хижаз фиқһын Мәдина шейхы Имам Мәликтен толық үйренген. Шам фиқһын Шам өлкесінің шейхы имам әл-Аузағиден оқыған. Мұхаммед Ирақ пен Хижаз фиқһын меңгеріп топтастыра білген ғалым. Ханафи мазхабының білімін Әбу Ханифадан толық үйренбеген, себебі Әбу Ханифа қайтыс болған Мұхаммед небәрі 18 жаста болатын. Ханафи фиқһын Әбу Юсуфтен үйренеді. Мұхаммед «әл-Жамиғ әл-Сағир» кітабын Әбу Юсуфтан риуаят еткендігін жазады. Мұхаммед «әл-Жамиғ әл-Кәбир» кітабында риуаяттарды тек қана Әбу Юсуфтан алмағандығын, басқада Ирақ фиқһ ғалымдарының пікірлерін пайдаланғандығын көреміз. Ибн Нәжим «әл-Бахр» кітабының «ташаһһуд» бөлімінде Мұхаммед Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың пәтуаларын пайдаланған дейді.

Мұхаммедтың кітаптары сенімділік тұрғысынан жоғары дәрежеде деп есептелмейді. Осы себепті ғұламалар Мұхаммедтың кітаптарын екі бөлімге бөледі. Алғашқысы ашық риуаят етілген сенімді кітаптар. Олар:

  1. «әл-Мабсут»,
  2. «әл-Зиядат»,
  3. «әл-Жамиғ әл-кәбир»,
  4. «әл-Жамиғ әл-сағир»,
  5. «әл-Сияр әл-кәбир»,
  6. «әл-Сияр әл-сағир»,

Бұл кітаптар ашық риуаят етілген яғни сенімді жолмен Мұхаммедтан риуаят етілген.[5] Бұдан басқа бұл бөлімге «Китаб әл-Әсәр», «әл-Радду ъала әһли әл-Мәдинә» кітаптары жатады.  «әл-Радду ъала әһли әл-Мәдинә» кітабын Имам Шафиғи өзінің «әл-Умм» кітабында риуаят еткен.

Екінші бөлімге жататын кітаптар Мұхаммедтан тікелей риуаят етілгендігі күмән келтіреді. Осы себепті олар риуаяты күмәнді деп аталаған. Олар:

  1. «әл-Кисаният»,
  2. «әл-Һәруният»,
  3. «әл-Журжаният»,
  4. «әл-Руқият»,
  5. «Зиядатул зиядат».

Енді бірінші бөлімге жататын біршама кітаптарға тоқсалсақ. «әл-Мабсут» Мұхаммедтың көлемді жазылған еңбегі. Кітапта Әбу Ханифаның пәтуалары, Әбу Юсуфпен Мұхаммед қайшы келетін пікірлері келтірілген. Қайшы келмеген пікірлер «муттафиқун ъалайһи» яғни екеуіде келіскен деп келген. Бұд кітапты Мұхаммедтан шәкірті Ахмад ибн Хафс риуаят еткен. Ибн Абидин бұл кітап жайлы былай деген: «Бұл кітап Мұхаммедтың өзінен риуаят етілген. әл-Мабсутқа кейінгі ғалымдардан Жауаһир Зада деген атпен әйгілі болған Шейхул Ислам Бакр түсіндірме жазып, «әл-Мабсут әл-кәбир» деп атаған. Сондай-ақ әл-Хиланиде бұл кітапқа түсіндірме жазған.[6] Әбу Сулайман әл-Жузжаниде Мұхаммедтың Мабсутын көшіріп түсіндірме жазғандардың бірі. Толық есімі Мұхаммед Муса ибн Сулайман. Фиқһ ілімін имам Мұхаммедтан үйренген.[7] Ахмад ибн Хафстан бөлек Мұхаммедтан риуаят етілген негізгі нұсқа осы болып есептеледі. әл-Сархаси өзінің Мабсутында былай дейді: «Әбу Юсуф өзінің ұстаздары Әбу Ханифа мен Әбу Ләйләнің қарама-қайшы пікірлерін жинақтағанды жақсы көрген. Ал Мұхаммед оны Әбу Юсуфтен алған. Кітап осылай жазылған. Кітапты Әбу Юсуф жинақтағанымен Мұхаммед кітап етіп жазған. Осы себепті кітап Мұхаммедтікі болып есептеліп кеткен.[8]

«әл-Жамиғ әл-сағир» кітабы. Кітапты Мұхаммед Әбу Юсуфтен риуаят еткен. Кітапты ашып қарасаңыз әр бөлімде «Мұхаммед Яғқубтан, Яғқуб Әбу Ханифадан риуаят еткен» деп басталады. Кейбір ғалымдар тек осы кітап қана тікелей Әбу Юсуфтан риуаят етілген дейді. Бұл мәлімет Ибн әл-Баззази «әл-Манақиб» кітабында келген. әл-Баззази Мұхаммед «әл-Жамиғ әл-Кәбир» кітабын Әбу Юсуфтан риуаят еттің ба деген де, ол жоқ деп жауап берген. Ал «әл-Жамиғ әл-сағирды» Әбу Юсуфтан риуаят еттім деген. Бұл кітапты Мұхаммедтан Иса ибн Абан және Мұхаммед ибн Самаға риуаят еткен.

Кітапты Мұхаммед ұстазы Әбу Юсуфтан риуаят еткенімен реттеп жазып шықпаған дейді әл-Сархаси. Шәкірттерге оқып, жаттауы жеңіл болсын деп реттеп жазып шыққан Әбу Заһир әл-Даббас. Оның шәкірті Ибн Абдулла ибн Махмуд кітапты Әбу Заһирден жазып алып Бағдатта дәріс берген.

Әл-Хасан ибн әл-Зағфарани «Китаб әл-Фауаид әл-бәһия фи таражимил ханафия» кітабында былай дейді: «Әбу Заһир әл-Даббас Мұхаммед ибн әл-Хасанның «әл-Жамиғ әл-сағир» кітабын жинақтап, реттеп жазып шыққан. Кітапты Мұхаммед Әбу Юсуфтен риуаят еткен». әл-Зағфарани реттеп шыққан «әл-Жамиғ әл-сағир» кітабына Ибн әл-Хусейн әл-Язади екі томдық түсіндірме жазып шығады. Бұл Әбул Қасим әл-Язадидің жазған түсіндірмесі «әл-Таһзиб» деп аталады.

«әл-Жамиғ әл-Кәбир» кітабы. Ғұламалар Мұхаммед бұл кітапты Әбу Юсуфтен риуаят етпеген деген пікірге тоқталған. Кітапты Мұхаммед екі мәрте жазып шыққан. Екінші рет жазған алдыңғы жазылған кітапта қамтылмаған мәселелерге ооқталған. Бірінші жазылған кітапты Мұхаммедтан шәкірттері Әбу Хафс әл-Кәбир, Әбу Сулайман әл-Жузжани, Һишам ибн Убайдулла әл-Рази, Мұхаммед ибн Самаъа риуаят еткен. Кітапта сауда-саттықтың үкімдері, сатышу мен сатып алушының мәселелері қамтылған.

Бұл кітапқа мына төмендегі ғалымдар түсіндірме жазып шыққан:

  1. Әбу Хазим Абдулхамид ибн Абдулазиз
  2. Али бин Муса әл-Қами
  3. Ахмад ибн Мұхаммед әл-Тахауи
  4. Әбул Хасан әл-Куфи
  5. Әбу Амр Ахмад ибн Мұхаммед әл-Табари
  6. Әбу Бакр әл-Хассас әл-Рази
  7. Әбул Ләйс Наср Мұхаммед әл-Самарқанди
  8. Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Яхя әл-Журжани
  9. Шамсул Айимма әл-Хилуани
  10.  Шамсул Айимма әл-Сархаси
  11.  Фахрул Ислам Али әл-Язадауи
  12.  Әбул Яср Мұхаммед әл-Язадауи
  13.  әл-Садр әл-Шәһид Хисамуддин Амр ибн Мазид
  14.  Махмуд ибн Ахмад әл-Бурһан
  15.  Алауддин Мұхаммед әл-Самарқанди
  16.  Әбу Хамид Ахмад әл-Ъутаби
  17.  Қадихан
  18.  Бурһануддин әл-Марғинани
  19.  Жамалуддин әл-Хасири

«әл-Сияр әл-сағир әл-сияр әл-кәбир» кітабы. Аталмыш екі кітапта жиһад мәселесі қозғалған. Жиһад үкіміне қатыс дұрыс немесе бұрыс мәселелер жайлы сөз қозғалған. Бұдан бөлек тұтқындалушының мәселесі, соғыстан түскен олжалар жайлы жазылған. Кітапқа енген шариғи үкімдерді Әбу Юсуф ұстазы Әбу Ханифадан риуаят еткен. Әбу Юсуфтан әл-Хасан ибн Зияд әл-Лулууи риуаят еткен. Лулууиден Мұхаммед ибн әл-Хасан риуаят еткен. «әл-Сияр әл-сағир» бірінші жазылған, тікелей Әбу Юсуфтен риуаят етілген. «әл-сияр әл-кәбир» кітабы тікелей Әбу Юсуфтен риуаят етілмеген.

Ибн Абидин «әл-сияр әл-кәбир» кітабының жазылу тарихы жайлы былай дейді: ««әл-сияр әл-кәбир» Мұхаммед соңғы жазған кітаптарынан. «әл-Сияр әл-сағир» кітабы Шам елінің ғалымы Абдуррахман ибн Амр әл-Аузағидің қолына тигенде «кітаптың авторы кім» деп сұраған екен. Мұхаммед әл-Ирақидікі деп жауап беріледі. әл-Аузағи шайқас жайында жазатындай Ирақ елінде қандай ғалым бар еді? Пайғамбар с.а.с. мен сахабаларының ғазауаттары Шам өлкесі мен хижазда болған, Ирақта емес. Ол уақытта Ирақ Ислам өлкесіне әлі кірмеген болатын. Бұл сөздер Мұхаммедтың құлағына жеткенде «әл-Сияр әл-кәбир» кітабын жазады[9]. Бұл сөздерді Ибн Абидин әл-Сархасиден естіген. Дегенмен Ибн Абидин келтірген мәліметтерді кейбір ғалымдар жоққа шығарады[10].

«әл-Зиядат» кітабы. Зияда қазақша қосымша деген мағына береді. Мұхаммед бұл кітапта алдыңғы кітаптарында қамтылмаған, ескерілмеген мәселелер жайында жазған.

«әл-Радду ъала әһли әл-Мәдинә» кітабы. Бұл кітапты имам Шафиғи «әл-Ум» кітабында риуаят еткен. Имам Шафиғи Мұхаммед келтірген Әбу Ханифаның пікірлерін сынға алып кейде келіскен, кей жерлерінде қарсы пікірлер айтқан. Кітапта шариғи мәселелерге дәлел ретінде сүннет, қияс және әл-әсәр алынған. Шариғи мәселелерге былайша үкім шығару салыстырмалы фиқһ деп аталады.

 Авторы: Ұлықбек Алиакбарұлы.


[1] 804 жылы қайтыс болған. Қараңыз: Әл-Мунжид фил ағлам. Бейрут. 2003. 339 бет.

[2] Әл-Мунжид фил ағлам. Бейрут. 2003. 339 бет.

[3] «әл-Интиқау» 174 бет.

[4] «Тариху Бағдад». 2 том. 563 бет.

[5] «Расмул муфти» Ибн Абидин. 16 бет.

[6] «Расмул муфти» Ибн Абидин. 17 бет.

[7] әл-Фауаид әл-бәһия фи таражимил ханафия. 216 бет.

[8] әл-Сархасидің мабсуты. 30 том, 128 бет.

[9] «Рисалату расмул муфти» Ибн Абидин. 19 бет

[10] «Әбу Ханифаның өміртарихы, фиқһы» Имам Мухаммад Әбу Заһра. 242 бет.

  1. No comments yet.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s