Негізгі бет > Араб әдебиеті, Араб әдебиетінің тарихы, Жаһилиет дәуірі, Муаллақат шайырлары > Араб әдебиеті, Жаһилиет дәуірінің Муаллақат шайырлары: Имрул Қайс, (Ұ.Алиакбарұлы.)

Араб әдебиеті, Жаһилиет дәуірінің Муаллақат шайырлары: Имрул Қайс, (Ұ.Алиакбарұлы.)


Имрул Қайс (497-545). Имрул Қайс ибн Хужр ибн әл-Харис (اِمرؤ القيس بن حجر بن الحارث). Йемендік Кинда руынан шыққан. Нәждте дүниеге келген. Тарихшылар Имрул Қайстың есіміне байланысты әр түрлі пікірлер айтады. Есімі Хандаж, Малика немесе Ади болған деген болжамдар бар.[1]

Лақаб аттары Имрул Қайс, Әбу Уаһб, Малик әд-Далил, Зул Қарух. Ахмад әл-Шинқинтидың кітабында оның толық есімі былай келген: Имрул Қайс ибн Хажар ибн әл-Харис ибн Умар ибн Хажар Әкилул Марар ибн Амр бин Мұғауия бин Сәур бин Мураттағ. Сәурдің Кинда деген де есімі болған.[2]

Анасы Муһалһилдің әпкесі. Нағашысы Муһалһилдің қолында жүріп, жас кезінде-ақ өлең шығаратын болған. Имрул Қайс арабтардың нашар тұрмыс-тіршілігі жайында өлең шығарам деп әкесінен сөз естиді.

Имрул Қайс Шурайхилдің Унайза қызына ғашық болып өлең шығарады.  Унайза лақабы, өз есімі Фатима болған. Бұны білген әкесі оған қатаң тыйым салады. Унайзаға арнаған өлеңдері Имрул Қайстың алғашқы муаллақаттарынан. Унайзаға шығарған өлеңін әкесі Хужр естіп, ашуланғанынан Рабиға есімді адамды шақырып: «Имрул Қайсты өлтіріп, екі көзін ойып алып кел»,-дейді.[3] Тыйым салудың соңы  ата қоныстары Хадрамауттағы Дамуанға әкесінің жер аударуымен аяқталады. Бұл уақытта Имрул Қайс жиырма жасында еді. Дамуанда бес жыл өмір сүрді. Осы жылдары арабтардың арасындағы бірнеше қақтығыстарға, жер дауларына қаытысып үлгерді. Жер дауының соңы кей уақытта өліммен бітетін. Осы қақтығыстардың бірінде Бәну Асад руының қолынынан әкесі Хужр қайтыс болады. Шарап ішіп отырған Имрул Қайс әкесінің қазасын естіп, қайғырып, Алла әкемді рахым етсін деп мына өлең жолдарын шығарады:

Жастайымнан тыйым салды,

Өскенімде қаным тасып жүрдім.

Бүгін арақ – шарап,

Ертең не боларын кім білсін.

Хажардың дүние салуымен имрул Қайстың өмірінің жаңа беттері басталады. Әкесінің кегін алу үшін жора жолдастарын жинап Бәну Асад руына шығады. Бәну Асадтан көптеген адамды өлтірп, шайқас жайлы көптеген өлең шығарады. Дегенмен Имрул Қайс шайқасумен ішіндегі ыза, күйікті сөндіре алмайды.

Имрул Қайс 538 жылы[4] Византияға, Константинопольға барып патшасы Юстинианмен[5] кездеседі. Византия патшасы оны құрметтеп жанына әскер қосып әкесінің мүлкін қайтарып алуға көмек беруге уәде береді. Бірақ ол уәде іске аспайды.[6] Себебі патшаның нөкерлері Имрул Қайсты жамандаумен болады. Нәтижесінде Имрул қайсқа арнап уланған шапан кигізеді. Осы уланған шапан Имрул Қайстың ажалына жетеді.[7]

Имрул Қайс әл-Кинди Шурайхил есімді туыстарының қызы Унайзаға ғашық болған.[8] Ғашық болғаны соншалық арабтардың жындылардың ақылдысы деген де атаққа ие болған. Бір күні Имрул Қайстың ғашығы ауылынан көшіп кеткен уақытта, ол есінен танып, тек қана сол қызды ойлап, қатты күйзеліске түсіп ауырады. Оны көрген адамдар аянышты халмен жынданды дегеннен басқа көмектері болмаған.[9] Аталмыш оқиға ғашық болған әйелге жеткенде, ол келіп, есіктен Имрул Қайсқа қарап: «сені қалай табамын Имрул Қайс» деген екен. Ғашығын көрген Имрул Қайс мына өлеңдермен жауап берген:

Арамыз ажырап, өлімнің көлеңкесі көрініп еді,

Пайдасы жоқ уақытта, келуіңмен күш бердің.

Осы күннен дүние салғанша Имрул Қайс тек жұпыны ғана киінетін болған.

Дарату Жулжул оқиғасы:

Бір күні Имрул Қайс ғашығы Унайзаның қыздармен бірге Жулжул деген жерге салқын суға шомылуға баратынын естиді. Қыздардың соңынан барған Имрул Қайс барлық қыздың киімдерін жинап алып, былай дейді: «әр қыз жалаңаш шығып өз киімдерін алыңдар, әйтпесе кидеріңді бермеймін». Салқын суда жаураған әрі үйлеріне қайтуға кешіккен қыздар судан бір-бірлеп шығып Имрул Қайстан киімдерін алып киеді. Тек Унайза ғана судан шықпайды. Имрул Қайстың сөзінен қайтпасын білген Унайза амал жоқ судан шығып киімдерін алады.[10]

Имрул Қайс 540 жылы[11] қыс мезгілінде Костантинопольдан қайтып келе жатып жолда Анқарада дүние салады.[12]

Авторы: Ұлықбек Алиакбарұлы. (Басқа сайтқа гиперсілтемесіз, әсрісе “Википедияға” көшіруге қатаң тыйым салынады.)


[1] Шарх әл-Муаллақат әл-Сабғ. Жеті муаллақаттың түсіндірмесі. Әбу Абдулла Хусейн ибн Ахмад әл-Заузани. Дар әл-Аламия баспасы. 1993. 11 бет.

[2] әл-Муаллақат әл-ғашр уа ахбару шуғараиһа. Он муаллақат және оның шайырлары. Құрас: Ахмад әл-Амин әл-Шинқинти. Дар әл-Наср баспасы. 2 бет.

[3] Диуан әл-Әдәб фи науадири шуғараи әл-араб. «Әл-Ғирфан» баспасы. 1912. 7 бет.

[4] Тарих әл-Әдәб әл-Араби. Араб әдебиетінің тарихы. Умар Фаррух. Бейрут. Әл-ғилм лил малайин баспасы. 1981. 116 бет.

[5] Шарх әл-Муаллақат әл-Сабғ. Жеті муаллақаттың түсіндірмесі. Әбу Абдулла Хусейн ибн Ахмад әл-Заузани. Дар әл-Аламия баспасы. 1993. 11 бет.

[6] Тарих әл-Әдәб әл-Араби. Араб әдебиетінің тарихы. Умар Фаррух. Бейрут. Әл-ғилм лил малайин баспасы. 1981. 117 бет.

[7] Шарх әл-Муаллақат әл-Сабғ. Жеті муаллақаттың түсіндірмесі. Әбу Абдулла Хусейн ибн Ахмад әл-Заузани. Дар әл-Аламия баспасы. 1993. 12 бет.

[8] Шарх әл-Муаллақат әл-Сабғ. Жеті муаллақаттың түсіндірмесі. Әбу Абдулла Хусейн ибн Ахмад әл-Заузани. Дар әл-Аламия баспасы. 1993. 10 бет.

[9] Ғуқалаул мажанин. Жындылардың ақылдысы. Әбул Қасым әл-Хасан бин Мухаммад бин Хабиб. Дар әл-Нафаис баспасы. 1987.  277 бет.

[10] Тарих әл-Әдәб әл-Араби. Араб әдебиетінің тарихы. Умар Фаррух. Бейрут. Әл-ғилм лил малайин баспасы. 1981. 117 бет.

[11] Тарих әл-Әдәб әл-Араби. Араб әдебиетінің тарихы. Умар Фаррух. Бейрут. Әл-ғилм лил малайин баспасы. 1981. 117 бет.

[12] Диуан Имрул Қайс. Имрул Қайстың шығармалары. Дар әл-Мағариф баспасы. 7 бет.

  1. Әлі еш пікір жоқ.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру