Негізгі бет > Әдебиет, Қазақ араб ауыз әдебиеті > Шығыс сюжеті негізінде жырлаған жырау Нұралы Нысанбайұлының «Әмір Әмзе» қиссасы (Ұ.Алиакбарұлы)

Шығыс сюжеті негізінде жырлаған жырау Нұралы Нысанбайұлының «Әмір Әмзе» қиссасы (Ұ.Алиакбарұлы)


Қазақтың ұлы жырауының бірі – Нұралы Нысанбаев. Ол қазақ қиссаларының негізін араб, парсы тілдеріндегі діни сюжетті шығармалар мен тарихи дерек аңыздарға сүйеніп сан түрлі жыр, дастан, қиссалар шығарған. Көлемді де көркем туынды, көп нұсқалы «Әмір Әмзе» жырын алғаш жырлап, «Әмір Әмзе» қиссасын елге таратқан Нұралы ақын екендігі жырдың фабулалық сюжеті желісінде нақты айтылған[1].

Шығыс сюжеті негізінде қиссалар, дастандар жырлаған атақты жырау Нұралы Нысанбайұлының сексенге жуық қиссалары халық кітабына айналған. Кеңес үкіметінің солақай дінге қарсы саясатына байланысты Нұралы жырауды көп қудалап, қолжазбаларын кітап етіп шығармай, біраз шығармалары қолды болып, басқа біреудің атына таңылып кеткендері қаншама[2]. Біз осы осы ретте атақты жырау Нұралы Нысанбайұлының «Әмір Әмзе» қиссасына тоқталуды жөн көрдік.

Шығыста бір ақынның жырлаған тақырыбын және бір ақынның жырлауы, қайта әңгімелеуі ол ертеден қалыптасып келе жатқан дәстүр. Бұл жайында М.О.Әуезов былай дейді: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратын болады….»[3] Біз М.Әуезовтың бұл пікірін көптеген жазбаларымызда жазып, қайталап жүрміз.

Осынндай себептерге байланысты Шығыстың сюжеті желісінде құрылған жыр, дастандар мен қиссаларды алғаш кім әкелді, кім жырлады, қашан кімнен жазып алынғанын нақты анықтау мүмкін емес.

Сонымен бірге, қазақ фольклоршыларының пікіріне қарағанда Орталық Азия халықтары арқылы Шығыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған ықпал-әсері ғасырлар бойы үзілген емес[4].

Нұралы жырау «Әмір Әмзе» қиссасын жырлаған кезде, өзінің жырлау тәсілі бойынша қиссаны «Бісмілләмен» бастап былай дейді:

Әуелі сөздің басы бісміллә,

Бісміллә демей іс қылма.

Алланың аты аталмай,

Еш пенде таппас ісбасын[5].

«Әмір Әмзе» қиссасының бірнеше жыр нұсқалары болған көрінеді. Себебі жоғарыда келтірген жырдың шумақтары 2007 жылы Жазушы баспасынан жарық көрген кітаптан алынды. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. Ал 2011 жылы Өнер баспасынан шыққан «Әмір Әмзе» қиисасында «Бісміллә» айтылмастан тікелей басталып кеткен екен.

Соңғы қисса Сейітомар Саттарұлының жазып алған қолжазбасы негізінде баспаға ұсынылған дейді Қ.Саттаров.

Қиссаның сюжет желісі Ер Әмзенің бала-шағасы жоқ перзентсіз екендігін айтып, уайым қып, қайғырып жүргені туралы баяндалады. Ер Әмзе сол кезде Ислам дінін қабылдап мұсылман болған кезінен басталады[6].

Әмзенің сол кездегі арабтар «сахараның арыстаны» деп атаған. Әмзе Пайғамбардың әкесі Абдулланың бауыры, яғни көкесі.

Осы жерде Әмзенің өзіне жеке тоқталар болсақ. Олай болса алдымен Пайғамбардың достары жайлы сөз етуіміз керек. Жалпы Пайғамбармен бірге жүрген, замандас болғандар сахаба деп аталады. Сахаба сөзіне келсек, сахаба – араб тілінің схб деген түбірінен шығады. Жеке түрі – сахаби. Сахаба сөзі серік, дос, жолдас, замандас, бірге жүру және сұхбаттасу деген мағыналар береді[7]. Діни терминдік мағынасы: Пайғамбарды с.а.с. көрген, Ол кісімен сұхбаттасқан, Оның әкелген дініне иман келтіріп, мұсылман болып дүниеден өткен адам сахаба деп аталады[8]. Яғни пайғамбар заманында өмір сүрседе бірқ мұсылман болмаса ол сахаба болып есептелмейді.

Әмзе пайғамбарды с.а.с. көрген дініне иман келтірген жандардың бірі. Әмзені арабтар Хамза деп атаған. Қазақ еліне келіп жырланғанша біршама жіңішкеріп Әмзе болып кетсе керек.

Хамзаның лақабы Ибн Яғлә немесе Абу Аммара болған[9].

Хазіреті Хамза – орта бойлы, күшті, айбарлы, абыройлы сахаба болған. Аңшы, мерген, құрайыштардың құрметті батыры. Кембағалдарға көмек беріп, әділетсіздікке қарсы тұратын. Аң аулағанды ұнататын болған[10].

Бір Әмзе аң аулауға кетіп, қайта оралғанда ауыл сыртыда бір әйелден ауыл амандығын сұрайды:

Онда келіншек құлақ сал,

Біздің ауыл аманба?

Мұхаммедтей пирубар

Бала шаға аманба?[11]

Дегенмен бұл уақытта, ауылда Әмзе жоқта пайғамбарды бұлғадың деп, кәпір патшасы Мұхаммед с.а.с. пайғамбарды ортаға алып, сабап таяққа жығады[12].

Келіншек Әмзеге қарап:

Келіншек сынды күрсініп,

«Әмзеге палуан құлақ сал,

Әбу Жәһіл көп адам,

Жаһит деген жолында,

Жетімшеңді сабаған.

Кім екені белгісіз,

Тас боран қылды әр адам[13].

Дастандағы Әбу Жәһілде пайғамбардың туыстарынан болып келеді. Хамзағада туыстық жақындығы бар. Бірақ иман келтірмеген кәпір болатын. Дастанда келген келіншекті «Сахабалар өміртарихы» атты кітаптың авторы Рафат әл-Баша Абдуллаһ ибн Жуданың күңі болатын дейді[14].

Аң аулап тауап етуге әдеттенген Хамза кезекті саятшылығынан оралғанла, алдынан Абдуллаһ ибн Жуданың күңі шға келеді. Ол Әбу Жаһилдің өз достарымен бауыры Мұхаммедке с.а.с. ауыр сөздер айтып қорлағанын, қол жұмсағандарын айтты. Мұхаммедті с.а.с. шарасыз күйде жалғызсырап қалғанын, көрсеткен қорлықтарының адам төзгісіз екендігін білдірді[15].

Әбу Жаһілдің пайғамбарды табалауы Әмзенің мұсылман болуына себепші болаған. Жоғарыда айтқанымыздай Әмзе әділетсіздікті жек көретін, кембағалдарға, әлсіз жандарға әрдайым қол ұшын беріп отартын.

Оқиғаны білген Әмзе дереу Мұхаммедтің жанына жетіп келеді. Келсе Әбу Жаһіл өз ададарымен пайғамбарға күш көрсетіп жатыр екен.

Пайғамбар жанын келіп:

Әмзе сонда сөйлейді:

Не себептен жыладың,

Өзің түгіл сөзіңе

Жанымды құрбан қылайын.

Мұхаммед сонда сөйледі:

Өзге емес қылған сіз деді.

Бірталай халық сіздерсіз,

Атадан жалғыз біз деді.

Қылмас едім қайғыны

Сіздер аға, біз іні

Бір Құдай өзі пана да

Басыма түскен күнімде

Кірмейсің бе? әуел дінімі.

Мұны естіп ер Әмзе

Қол қусырып жүгірді.

Көзінің жасы шұбырды,

Ұстап алған секілді

Көрдім деп қабыл дінің

Кәлима айтып барады[16].

Осылай Пайғамбардың көкесі, Әзіреті Әмзе мұсылман болады. Аталмыш оқиғаны Рафат әл-Баша былайша сипаттап береді.

Туысқандық сезімі атой салған Хамза ашуға булығып, төтелей Қағбаға тартты. Достарымен Қағбаның айналасында әңгіме-дүкен құрып отырған Әбу Жаһилдің үстінен түсіп, садағымен бір ұрып Әбу Жаһилдің басын жарады. Бет аузын қан жуып кеткен Әбу Жаһилді жағасынан алып: «Менің бауырымды неге қорлайсыңдар. Мына мен де соның дініндемін, ал, әйтпесе. Мықты болсаң, маған қарсы шық» деп жұлқып-жұлқып алады[17].

Әмзе мұсылман болғаннан соң көптеген ерліктер көрсетіп, інісі Мұхаммедтің с.а.с. жанашыры әрі қорғаны болады.

«Әмір Әмзе» қиссасында Әбу Жәһілдің есімі көп кездеседі. Профессор Қ.Саттаров 2007 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары» атты жинақта Я.Лютщтың «Киргизская хрестоматия» атты жинағының 206-225 беттерінде «Абу Жаил» деген қисса берілген деп жазады. Абу Жаһіл қай қиссада болмаса зұлым иесі болып сипаталады.

Еңбеміздің «Қасиетті Құрандағы фольклоризм мәселелері» атты ІІІ тарауында Бәдір қиссасы, Ухуд қиссасы деген тақырыптарға тоқталған болатынбыз. «Әмір Әмзе» қиссасындада да осы Бәдір мен Ухуд шайқастары жайлы айтылған. Әмзе Бәдірдегі және Ухуд тауында болған екі шайқасқада қатысқан.

Мәдинаға таяу өңірлердің бірі Бәдір деп аталады. Сирияға апаратын жол осы жерден өтетін[18]. Бәдір оқиғасы жұма күні һижреттің екінші жылында жұма күні, рамазанның 17 күні болған. Пайғамбар с.а.с. сахабаларымен Шам елінен келе жатқан, Абу Суфянның басқаруындағы Құрайштардың керуенінің алдынан қарсы шығады. Мұсылмандар керуеннің алдын тосуға шықты деген хабар Меккеге жеткенде Мекке мүшріктері мұсылмандармен шайқасуға Мединеге қарай шығады[19]. Бәдір шайқасы мұсылмандар мен кәпірлердің ең алғашқы шайқасы.

Ал Ухуд шайқасы Ислам тарихында мұсылмандар мен мүшриктердің арасындағы екінші соғыс. Ухуд деп аталу себебі, шайқас Мединеге жақын жерде Ухуд тауының жанында болған. Шайқас екі этапта болады. Бірінші мұсылмандар жеңеді. Мұсылмандар түскен олжаны бөлісеміз деп жатқанда мүшріктер артқы жақтан келіп соққы береді. Таудың етегіне қойған садақшыларда олжаға қызығып кеткендіктен, жау әскері арттан келіп ұрады. Осы екінші ұрыста мұсылмандар жеңіліс табады.

Енді «Әмір Әмзе» қиссасындағы осы екі шайқасқа тоқталар болсақ. Алдымен Бәдір шайқасы:

Қылаң беріп таң атты,

Мұсылман қауымы жиылып,

Оқыды намаз памдатты[20]

Сол уақытта пайғамбар,

Даңғыра дабыл қағады.

Үш жүз жамның әскері

Шаһардан шықты ағылып[21].

Әдетте араб жауынгерлері жаппай ұрысқа кіріспес бұрын білегі қаруына сай баһадүрлерін жекпе-жекке шығаратын. Мұсылмандар тарапынан ұрыс алаңына ат ойнатып Хамза, Әли мен Убайда шығады[22].

Әмір Әмзе, Убайда,

Әлішермен үшеуі,

Қосылып бата алады[23].

Дастанның екінші нұсқасында жекпе-жек былайша сипатталған:

Әмір Әмзе Үбайда,

Ілішермен үшеуі,

Бұрынғы шыққан мұсылман,

Өзіне қайтып келеді.

Қарсыласса палуандар,

Екі жағы көріп тұр,

Біреуімен Ер Әмзе

Сабаласып қалады.

Үбайдамен біреуі

Сабаласып қалады[24].

Негізі шайқас Бәдір деген жерде болады. Бәдір Мединеге сегіз мил қашықтықтағы ауыл еді. Сирияға кететін керуен жолының үстінде[25]. Дегенмен дастанда бұл шайқас Ухуд тауын болды деп сипатталған.

Ұрысқа жарар адамның

Бәрінде жинап алады.

Үш жүз елу саны бар,

Жеті түйе жеті ат,

Көлігінің болғаны.

Сегіз еді сауыты.

Жарағының болғаны,

Пайғамбарды ортаға ап

Үһіт тауға барады[26].

Үһіт таудың басына

Пайғамбар туын тігеді[27].

Дастанның профессор Қ.Саттаровтың құрыстырған «Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары» атты жинағында келген нұсқасыда соғысты Ухуд тауында болғандығын айтады.

Бұл шайқас жайлы Кашфуддин ибн Шаһ Мардан ибн Ибадулла әл-Манзауи әл-Сулукиде жырлаған. Кашфуддиннің 1897 жылы Қазаннан Бәдр қиссасы деген кітабы жарық көрген. Бұл кітаптың араб әрпімен жазылған нұсқасы Ұлттық Ғылым Академиясында сақтаулы.

Біз сіздерге сол кітапшадан транскрипциямен үзінділер келтіреміз:

Язайын бул китабны хамдиманан

Файғамбар Мустафаға салауат манан

Файғамбар Расулуллаһ кучиб киткан.

Мәккәдан Мәдинеде мақам тутқан

Һижраттен икинши жил булған уақт

Бәдр атлы қарияда суғиш иткан.

Қурайшларның булған кируани

Осының Шамдан Мекеге қайтқанны

Бу кируан башлығы Абу Суфян.

Кируанның киле жатқан йол устине

Рамаданның он учинде қарси шиқди.

Усында Расулуллаһ хадыр болған

Аскари уч юзде он уч булған.[28]

Шайқас жайлы Құранның аяттары не жазғанына үңілер болсақ:

«(Бәдір соғысындағы) Екі топтың қарсыласуында сендерге бір ғибрат бар. Бір топ Алла жолында соғысады. Екінші жақ қарсы еді. Олар мұсылмандарды, көздерімен, өздеріндей екі есе көруде еді. (Негізінде мұсылмандар, үш жүз он үш, кәпірлер мыңдай еді.) Алла кімді қаласа, өз жәрдемімен қолдайды. Расында бұнда қырағылар үшін әрине ғибрат бар»[29].

Бұл Бәдір емес Ухут соғысы деп айтар болсақ, Ухуд соғысында Хамза, Әли, Убайдалар жекпе-жекке шықпаған болатын. Жекпе-жек Бәдір шайқасында ғана болды. Және Осы жекпе-жекте Убайда жараланып, қайтар жолда қайтыс болды.

Әлі мен Әмзе қайтып кеп,

Убайданы көтеріп,

Пайғамбарға барады.

Біраз жатып аздан соң,

Калима айтып тілінде,

Шейіт боп қаза табады[30].

Дастанның екінші нұсқасында:

Аяғы сынып Үбайда,

Шалқасынан жығылды.

Үбайданы арқалап,

Әмір Әмзе, Әлішер,

Әскеріне келеді.

Пайғамбарды көрген соң,

Аманат жанын береді[31].

Шайқаста мұсылмандар жығынан Хариятың ұлы Убайда қайтыс болса, мүшріктер жағынан Әбу Жәһілмен, Умаййа ибн Халаф жан береді[32]. Бірақ дастанда Әбу Жәһілдің бұл соғыста өлетіндігі жайлы жазылмаған. Соғыстан кейін Әбу Жәһіл тірі қалып, Ухут тауына жасырынып қалды деген.

Әбу Жәһіл патшасы,

Үһіт тауы басында,

Жасырынып қалады.

Мұсылманна Убайда

Шейіт болған әуелі,

Басқасы түгел бар еді.

Бес жүз кәпір өліпті,

Екі жүз елу кәпірлер

Тірідей дінге кіріпті[33].

Бәдір шайқасында жеңіліс тапқан кәпірдер кері шегініп қайтады. Ендігі кезекте кек алу үшін бұдан кейінгі соғысқа дайындалады.

Құрайыштардың Әбу Жәһіл секілді бетке тұтар көсемдері өліп, ендігі үміттері Абу Суфянда болады. Абу Суфян ол кезде Меккенің әмірі болатын. Абу Суфян жайлы дастанда көптеген жерде кездеседі. Абу Суфяан екінші соғысқа қатты дайындалып, әскер жинайды.

Құрайштар Бәдір соғысында ұшыраған ауыр соққының өшін алуды бір сәт те ойларынан шығармады. Абу Суфян шөлдегі тайпалардан екі мың әскер жинады. Бұған Меккедегілер де қосылды. Осылайша үш мың кісілік қосын болды. 700 сауытты сарбаз, 200 ат, 3000 түйе бар еді[34].

Бұл шайқас жайлы дастанда мынадай мәліметтер келген.

Үһіт таудың Бурай деген жерінде Қабыс тау етегінде ұрыс болады деп,-деп пайғамбар жеті жүз елі мұылманды ертіп алып жөнеді. Әбу Жәһілдің әскері үш мың болады. Олар да Бурайға барады[35].

Пайғамбар Үһіт таудың етегі, Құбайс таудың төсі Бадаур деген жерде ұрыс болсын деп жауап берді[36].

Жалпы дастандағы оқиға желісі екі шайқастыңда Ухуд тауында болғандығын сипаттайды. Осы күнгі соғыс жайында Құранда Али Имран сүресінде келген[37].

 «(Мұхаммед с.а.с. Ухуд соғысы кезінде) үйіңнен ерте шығып, мүміндерді соғыс үшін орындарға орналастыруда едің. Алла әр нәрсені естіп, білуші. (Ухуд соғысында мұнафықтар майданнан қасақана қайтып кеткендіктен, оң-сол екі қанаттағы топқада қобалжу кірді) Сол уақытта сендерден еі топ, уайымдап үрейленді. Сондай-ақ Алла ол екеуінің жәрдемшісі еді. Мүміндер, Аллаға тәуекел етсін»[38].

Ухуд шайқасында Пайғамбарымыздың с.а.с. көкесі Хазіреті Хамза шейіт (шаһид) болады.

Абу Суфянның Һинд деген әйелі Бәдір шайқасында өлген әкесі мен ағасының кегін алу ниетімен, Хамзаны өлтіруге Уахши деген қара құлды дайындаған болатын.

Шайқастың қызу үстінде Уахши Хамзаны сыртынан аңдып жүріп өлтіреді. Кашфуддин Әзіреті Әмзенің өлімін былай жырлайды:

Бул уақт Жубайр құлы баяғи Уахши

Хадрати Хамзани шаһид етди.

Ухудниң уси суғишинде

Исламдан шаһид булди житмиш дане[39].

Ухуд соғысында Пайғамбар с.а.с. арыстаны Әзіреті Әмзеден және жетпіс сахабасынан айрылды[40].

Профессор Қ.Саттаров қазақ фольклорындағы дін және дінді уағыздайтын туындыларды зерттеуден алдын алғаш жинау және жариялау қажет дейді. Негізі жарияланбаған қаншама қисса-дастандар әлі ел аузында, архивтерде толып жатыр. Кеңес заманында діни шығармаларды жазып алуға, жинау мен жариялауға тиыс салынған болатын.

Дінді насихаттайтын көркем шығармаларды жариялауға цензура арқылы рұқса бермей қадағалап отырса да, діни туындылар түбегейлі жоғалып кеткен жоқ. Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі дінді уағыздап айтылатын туындылар қолдан-қолға көшіріліп, қолжазбалар үздік-үздік болса да жеке нұсқалары жетіп келді[41].

Авторы: Ұлықбек Алиакбарұлы. (Басқа сайтқа гиперсілтемесіз, әсіресе “Википедияға” көшіруге қатаң тыйым салынады.)

—————————————–

[1]Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 488-бет.

[2] Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж.

[3] М.О.Әуезов, Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. А., «Ғылым», 1967, 181-182 беттер.

[4] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 485-бет.

[5]Сонда. 380 бет.

[6] Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 131-бет.

[7] Ибн Манзур. «Лисануль араб». Каир. Схб-сөзі.

[8] Сонда.

[9] Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. А., 2010. 177-бет.

[10] Усдул ғаба. 2-том. 52-бет.

[11] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 388-бет.

[12] Сонда. 388 бет.

[13] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 389-390-беттер.

[14] «Суар мин хаятис сахаба» Сахабалар өміртарихы. Рафат әл-Баша. Каир.

[15] Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. А., 2010. 178-179-беттер.

[16] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 394-395-беттер.

[17] Саңлақ сахабалар. Алау Әділбаев. А., 2010. 179-бет.

[18] Пайғамбарлар тарихы. Қалмахан Сейтұлы. А., «Көкжиек». 2011. 309-бет.

[19] Ас-Сиратун набауия уад дағуа (Пайғамбар тарихы және дағуат). Құрастырған: Хұтпашылар және имамдар институтының ғылыми кеңесі. Сауд Арабия. 1416 һижри жылы. 27-бет.

[20] Исламдағы парыз етілген бес уақыт намаздың біріншісі, таң намазы памдат деп аталады.

[21] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 397-бет.

[22] Пайғамбарлар тарихы. Қалмахан Сейтұлы. А., «Көкжиек». 2011. 309-бет.

[23] Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 17-бет.

[24] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 397-бет.

[25]Сияри Нәби (Хазірет Пайғамбар с.а.с. өмірбаяны) Ғұсман Кескіұлы. Қазақшаға аударған Халифа Алтай. Анкара 1995ж. 64-бет.

[26]Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 15-бет.

[27]Сонда. 16-бет.

[28] Бәдір қиссасы. Кашфуддин бин Шаһ. Қазан. 1897 ж.

[29] Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. Сауд Арабия, Медине 1991ж. 51-бет.  Али Имран сүресі, 13 аят.

[30]Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 19-бет.

[31] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 398-бет.

[32] Пайғамбарлар тарихы. Қалмахан Сейтұлы. А., «Көкжиек». 2011. 310-бет.

[33] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 402-бет.

[34] Сияри Нәби (Хазірет Пайғамбар с.а.с. өмірбаяны) Ғұсман Кескіұлы. Қазақшаға аударған Халифа Алтай. Анкара 1995ж. 68-бет

[35] Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. 2 том. Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ.Саттаров. А., «Жазушы» 2007 жыл. 421-бет.

[36] Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 46-бет.

[37]Ас-Сиратун набауия уад дағуа (Пайғамбар тарихы және дағуат). Құрастырған: Хұтпашылар және имамдар институтының ғылыми кеңесі. Сауд Арабия. 1416 һижри жылы. 28-бет.

[38] Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. Сауд Арабия, Медине 1991ж. 65-бет.  Али Имран сүресі, 121-122 аяттар.

[39] Ухуд қиссасы. Кашфуддин бин Шаһ Мардан бин Ибадулла әл-Манзауи әл-Сулуки. Қазан. 1897ж.

[40] Ас-Сиратун набауия уад дағуа (Пайғамбар тарихы және дағуат). Құрастырған: Хұтпашылар және имамдар институтының ғылыми кеңесі. Сауд Арабия. 1416 һижри жылы. 28-бет

[41]Рухани мұра. «Әмір Әмзе» қиссасы. Саттаров Қыдырәлі. А., «Өнер» 2011ж. 5-бет.

  1. No comments yet.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s