Негізгі бет > Дін, Діни ағымдар, Кітапшалар, Хизбут тахрир, Қатерлі Хизбут тахрир > Қатерлі хизбут тахрир: Хизбут тахрирдің структурасы, (Ұ.Алиакбарұлы)

Қатерлі хизбут тахрир: Хизбут тахрирдің структурасы, (Ұ.Алиакбарұлы)


Хизбут тахрирдің структурасы[1]

Хизбут тахрир мүшелері өз қатарларын сұхбат жасау арқылы көбейтеді. Хизбут тахрир мүшесі екі бағытта сұхбат жүргізеді.

  1. Арнайы сұхбат,
  2. Кездейсоқ сұхбат.

Арнайы сұхбатты белгілі бір азаматты күнделікті немесе күнара зиярат ету арқылы жасайды. Кездейсоқ сұхбатқа жоспарланбаған кездесулерде жүргізілген уағызы жатады. Арнайы сұхбат жүргізіп жүрген азаматтың түр тұлғасын, аты жөнін, мінез құлқын өзі бағынышты әміріне ауызша жеткізіп отырады. Осылайша қысқа немесе ұзақ мерзімді сұхбаттың нәтижесінде өзінің хизбут тахрир партиясының мүшесі екендігін білдіре отырып, ол азаматты да өз қатарларына қосылуға шақырады. Осылай жаңадан жинақталған 5 азамат бір адамның қоластына беріледі. Ол адам мушриф[2] болып есептеледі. Бұл топ партия тілінде «халқа[3]» деп аталады. Халқаға қатысушы жаңа мүшелер «дәрис[4]» деп аталады. Белгілі бір кезеңде дәріс алған халқа мүшелері емтихан тапсырып, хизб қатарына кіруге дайындалады. Хизб қатарына кіру үшін ант беріп, осы күннен бастап «хизби[5]» аталады.

Топтың басқарушысы «мушриф» жергілікті комитетке бағынады. Жергілікті комитет 4 мушрифтен құралады. Халқа басшыларынан құралған жергілікті комитет қазыналық және китаб масуулмен[6] қамтамасыз етіледі. Қазынашы партияның қаржы және жарна істеріне жауап берсе китаб масуул кітапша, үнпарақтардың шығарылуы мен баспаға дайындалуына жауапты. Жергілікті комитет «наибке[7]» бағынады. Наиб «нақибке[8]» бағынады. Наиб нақибтің орынбасары әрі көмекшісі. Нақиб партияның аудандық немесе қалалық басшысы болып есептеледі. Бір қалада топтың көптігіне байланысты бірнеше нақиб болуы мүмкін. Нақиб өзінен жоғары басшы «мусаъидке[9]» бағына. бағынады. Мусаъид масуулдің көмекшісі. Масуул облыс басшысы, мусаъид масуулдің облыстық істеріндегі көмекшісі. Масуулдің нақибтардан бөлек кітап шығарушы, оларды таратушы (Китаб масуул) және қаржылай басқарушы (Қазынашысы) болады.

Масуул аймақтық комитетке бағынышты. Аймақтың комитеттің үстінде «муътамад[10]» тұрады. Муътамад партияның республикадағы лидері. Негізінде хизбут тахрир мемлекеттік шекараларды мойындамайды. Партия тілінде республикаларды «уиләйәт»[11] деп атайды. Муътамадтыңда нақиб, масуулдер секілді өз қазынашысы мен баспа істерімен айналысатын бағынышты адамы болады. Муътамад «қиядатқа[12]» бағынышты. Қиядаттың саяси бөлімі бар. Саяси бөлім ақпараттық және идеологиялық екі бөлімнен құралады. Осы бөлімдер басқармаға яғни қиядатқа тікелей бағынышты.

Қиядат хизбут тахрирдің әкімшілік органына бағынады. Әкімшілік орган «әмірге» яғни хизбут тахрирдің лидеріне бағынады. Әкімшілік орган әмірмен кеңесе отырып қиядатқа лайықты хизбилерді таңдайды. Қиядат яғни партияның заң атқарушы органы партияның бүкіл іс-әрекетіне басшылық етеді[13].

Партия өз мүшелеріне екінші бір халқа мүшелерімен араласуға тыйым салады. Осылайша қалаға шеттен, ауыл-аймақтардан келген хихбут тахрир мүшелері пәтер жалдап тұруы мүмкін. Пәтердегі бірнеше жігіт өздерін лақаб аттарымен таныстырады. Партияның мүшелеріне лақаб аттарынан бөлек ақпараттар мысалы аты-жөні, туған жері мен жылы туралы сұрауға рұқсат жоқ. Тыйым салған әрекеттерді бұзған партия мүшесі жазаланады. Партияның бұйрығын орындап жүріп құқық қорғау немесе полиция қызметкерінің құрығына түскен уақытта өз жақтастары жайлы ешқандай ақпарат бере алмайды. Себебі шын мәнінде де оларды танымайды, әрі олар жайлы лақаб атынан басқа мәлімет білмейді.

Жазалау партиядан біршама уақытқа шеттету арқылы іске асырылады. Партиядан уақытша шеттетуді «инзор»[14] деп атайды. Инзор партияның мүшесіне әрекетіне байланысты беріледі. Ол бір аптадан бір айға созылуы мүмкін. Инзорда жүрген азаматпен қол беріп амандасуға, сөйлесуге, қарым-қатынас жасауға қатаң тыйым салынады.

Партияның мүшесі айлық табысының оннан бірін өткізуге міндетті. Ол «табаррот[15]» деп аталады. Табаррот ақшалай және заттай жиналады. Сонымен бірге киілген немесе жаңа киім-кешектен де алынады. Осылайша партияның қаржылық мұқтаждығын өтейді.

Кейбір аналитиктер партияға әл-ауқатты байлар демеушілік етеді дейді. Сонымен бірге партия басшылығы халықаралық террористік ұйымдармен де байланысып отырады[16].

Дәріс беру партияның бекітілген кітаптарын оқыту арқылы жүзеге асырылады. Партияға ену үшін арнайы ант беріледі. Ант берген күннен бастап партия мүшесі саналады. Ант бергенге дейін хизбут тахрирдің құрушысы Тақиюддин Набаһанидің «Ислам системасы» атты кітабы оқытылады. Кей уақытта аталмыш кітапты бір жүйемен оқыту ант бергеннен соң да жалғасын табады. Бұдан бөлек партия мүшесі ай сайын шығатын «әл-Уәъи[17]» журналын оқуға, үнпарақ таратуға, сұхбат жасауға міндетті. Аталмыш кітаптардың барлығын партия мүшелері сатып алады.

Ислам системасы аптасына 3 рет жүйелі түрде оқытылады. Дәріске бірнеше мәрте 15 минут кешігіп келген азаматқа инзор беріледі.

Құран аяттарын немесе хадистерді тек қана өз әдебиеттері арқылы тәпсірлеп оқытады. Бұдан бөлек діни әдебиеттерді оқу қарастырылмаған. Партия басшылығы бағынышты мүшелерді басқа діни әдебиеттерді оқыма деп қатаң тыйым салмағанымен ұзақ ұстауға тырысады.

Жоғарыда байқағаныңыздай партияның структурасы иерархиялық, орталықтандырылған басқару жүйесінен құралған. Бұл 20 ғасырдағы марксистік-ленинистік идеяға құрылған большевиктер партиясының құрылымына ұқсайды. Хизбут тахрир өзінің философиялық методологиясын коммунистік партиядан алған. Тақиюддин әл-Набһани коммунистік партияның стратегиясы мен тактикасын өз идеясымен біріктіре отырып, ешқандай қарсы пікірді қабылдамайтын тоталитарлық ұйым құра білді[18].

Екі партияны салыстырған себебіміз екеуіде алдына бір ғана мақсат қойған. Ол «коммунизм» және «халифат». Лениннің негізгі идеясы «Барлық елдің пролетарлары бірігіңдер!» деген ұраннан бастау алып, халықты өз идеяларын тарату арқылы қаруландырды. Хизбут тахрирда «біз қолға суық қару алмаймыз, біздің қаруымыз идеология» деп, халықты бұларда алдамшы идеясымен улайды.

Партияның негізгі идеясы саясатпен айналысу болып есептеледі. Тақиюддин «біз саясатпен айналысатын бір топ болуымыз керек[19]» дейді. Партия жанынан шыққан кітапшаларда «Хизбут тахрир Исламнан бастау алған, саясатпен айналысатын партия» деп жазылған[20].

 Хизбут тахрирдің структурасы (схема)

Әмір

(Хизбут тахрир лидері)

 
Әмірдің сайлануына жауапты орган   Хизбут тахрир әкімшілігі   Мазалим

(полиция органы)

    Қиядат   Саяси бөлім
        Ақпараттық

бөлім

Идеологиялық

бөлім

Қазыналық   Муътамад   Китаб масуул
    Аймақтық комитет    
Қазыналық   Масуул   Китаб масуул
    Мусаъид    
    Нақиб    
    Наиб    
Қазыналық   Жергілікті комитет   Китаб масуул
    Мушриф    
    Үйірме – халқа  

 Авторы: Ұлықбек Алиакбарұлы. (Басқа сайтқа гиперсілтемесіз, әсіресе “Википедияға” көшіруге қатаң тыйым салынады.)

————————————-

 

[1] Партияның структурасы ОҚО аймағындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан хизбут тахрир мүшелерімен сұхбаттасу, Украина мұсылмандары діни басқармасының кітапшалары, Жауад Бахр әл-Натшидің, Зейно Баранның және Газа секторындағы Ислам университетінің дін негіздері факультеті жанынан шыққан кітапшалар негізінде жасалды.

[2] Мушриф – араб тілінде «жетекші» деген мағына береді.

[3] Халқа – араб тілінде «бірнеше адамнан құралған үйірме»

[4] Дәрис – араб тілінде «тыңдаушы», «дәріс алушы» деген мағына береді.

[5] Хизби – арабтың «хизб» (партия) сөзінен шығады, «партияшыл» деген мағына береді.

[6] Масуул – араб тілінде «жауапкер» деген мағына береді. «Китаб масуул» баспа істеріне жауапкер деген мағына береді.

[7] Наиб – араб тілінде «орынбасар» деген мағына береді.

[8] Нақиб – араб тілінде «старшина» деген мағына береді.

[9] Мусаъид – араб тілінде «көмекші» деген мағына береді.

[10] Муътамад – араб тілінде «сенімді өкіл» деген мағына береді.

[11] Уиләйәт – араб тілінде «әкімшілік провинция» деген мағына береді.

[12] Қиядат – араб тілінде «басқарма», «жоғарғы басшылық» деген мағына береді.

[13]Suha Taji-Farouki, A Fundamentalist Quest andthe Search for the Islamic Caliph, (n.p.: Grey Seal Books, 1994), p. 117.

[14] Инзор – араб тілінде «ескерту», «сөгіс» беру деген мағына береді.

[15] Табаррот – арабтың «табарруъ» сөзінен шығады, «садақа беру», қаржылай көме көрсету», «жарна» деген мағыналар береді.

[16] «Заблуждения течения Хизб ат-Тахрир» Серия «Будьте осторожны!» 9-ое издание. Духовное управление мусульман Украины. «Аль-Иршад» Киев 2010. 10 бет.

[17] Уәъи – араб тілінде «ой», «сана» деген мағына береді.

[18]Зейно Баран. Хизб ут-тахрир. Политическая радикализация ислама. Центр Никсона. 2004 г.

[19] Тақиюддин әл-Набһани. «Мафаһиму хихбут тахрир» (Хизбут тахрир түсініктері). 6-басылым. 2001 ж. 78-бет.

[20] 1) «Мәнһәжу хизбут тахрир фит тағаййур». (Хизбут тахрирдің өзгерту әдістемесі). 27-бет. Басылымы белгісіз. 2) «Әт-Таъриф бихизбит тахрир» (Хизбут тахрирдің анықтамасы) 1-бет. Басылымы белгісіз. 3) Hizb-ut Tahrir’in Değiştirme Metodu (Хизбут тахрирдің өзгерту әдістемесі) Бейрут-Ливан, 2-ші басылым. 2009 ж.32-бет.

  1. No comments yet.
  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s